ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар қаласында волейболдан ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионатында жүлделі орындар үшін бәсеке басталды.
Бірінші жартылай финалда «Тараз» бен «Атырау» командалары сынға түсті.
Алғашқы екі партияда атыраулықтар басымдылық танытты — 25:20, 28:26.
Бұдан кейін тараздықтар камбэк жасай білді — 26:24, 25:19, 15:9. Жалпы есеп — 3:2, «Тараздың» пайдасында.
Өткен жылғы ел чемпионы «Павлодар» өз алаңында «Есілдің» (СҚО) меселін қайырды — 3:1 (28:30, 25:19, 25:18, 25:20).
Жартылай финалда екі жеңіске жеткен команда соңғы бәсекеге жолдама алып, чемпиондық атақ үшін таласады.
Қалған командалар 5-8 орындар үшін сынға түсуде. Мұнда «Жайық» «Ақтөбені» тізе бүктірді — 3:1 (25:27, 25:22, 25:22, 25:14).
«Буревестник» тартысты матчта «Жетісу жастарын» ұтты — 3:2 (25:17, 19:25, 18:25, 25:22, 15:13).
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Павлодар» мен «Тараздың» жүлделі орындар үшін таласатынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).