ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар қаласында волейболдан ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионатында жартылай финалға шыққан клубтар толық анықталды.
Плей-офф бәсекесінде «Тараз» бен «Ақтөбе» командаларының жолдары тоқайласты.
Бұл кездесуде «Тараз» өзінің фаворит екендігін дәлелдеп, 3:1 (25:18, 25:21, 24:26, 25:17) есебімен жеңіске жетті.
Сондай-ақ өткен жылғы ел чемпионы «Павлодар» клубы «Жетісу жастарын» 3:0 (25:18, 30:28, 25:23) есебімен тізе бүктірді.
Осылайша, жартылай финалда «Павлодар» - «Есіл» (СҚО), «Тараз» - «Атырау» командалары өзара мықтыны анықтайды. Екі жеңіске қол жеткізген клуб финалға жолдама алады.
Қалған командалар 5-8 орындар үшін таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Есіл» мен «Атыраудың» жартылай финалға жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).