Волейболдан Қазақстан чемпионаты: «Тұран» «Қуанышты» тізе бүктірді

Фото: Фото: Қазақстан волейбол федерациясы

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан қаласында әйелдердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионатының жартылай финалында алаң иелері – «Тұран» екінші ойында «Қуаныш» (СҚО) командасынан басым түсті.

Өткен жылғы күміс жүлдегер – «Қуаныш» (бас бапкері – Азамат Есімов) осыған дейін ел біріншілігінде қатарынан он матчта жеңіске жетіп, оған қоса плей-офф кезеңінде «Алтайды» және жартылай финалдың бірінші бәсекесінде «Тұранды» ұтқан еді.

Бұл жолы Асқар Шалқыбеков жаттықтыратын түркістандық қыздар 3:0 (25:19, 31:29, 25:22) есебімен «Қуанышты» тізе бүктірді.

Осылайша, жартылай финалда есеп теңесті – 1:1. Сенбі күні шешуші ойында финалға шыққан команда анықталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан ел чемпионатында «Жетісу» «Берелмен» матчта қарымта қайырғанын жазған болатынбыз.