Волейболдан Қазақстан чемпионаты: «Тұран» жартылай финалға жолдама алды

Фото: instagram.com/vc.turan_women

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының топтық бәсекелері өтіп жатыр.

А тобында екі кездесуін жеңіспен аяқтаған «Тұран» (Түркістан) командасы жартылай финалға жолдама алды.

Өткен жылғы ел чемпионы алдымен «Ару-Астана» клубын 3:0 (25:17, 25:16, 25:17) есебімен тізе бүктірді.

Бүгін Асқар Шалқыбековтің шәкірттері Нұрлан Садықов жаттықтыратын «Қарағандымен» алаңға шықты.

Матчты қарағандылықтар сәтті бастағанымен, сол қарқынын жалғастыра алмады — 22:25. Екінші сетте түркістандықтар айқын басымдылық танытты — 25:17. Содан кейін үшінші партияны жеңіспен түйіндеді — 25:23. Қорытынды есеп — 3:0.

«Тұран» сапында команда капитаны Майра Қолдина, Бота Уатаева, Светлана Николаева, бельгиялық Доминика Струмило, ресейлік Юлия Прокофьева сияқты ойыншылар ерекше көзге түсті.

Осылайша, А тобынан үздік шыққан «Тұран» финалға шығу үшін «Жетісу» командасымен таласады.

Б тобында ресейлік Юрий Панченко жаттықтыратын «Ақтөбе» клубы кеше күтпеген жерден «Алматыдан» (бас бапкері Рафаэль Гилязутдинов) айласын асырып кетті — 3:0 (25:18, 25:18, 26:24).

Бүгін ақтөбеліктер «Қуаныш» (СҚО) командасымен шеберлік байқасады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында плей-офф кезеңіне шыққан командалар анықталғанын жазған болатынбыз.