ОРАЛ. KAZINFORM — Оралда влейболдан өтіп жатқан ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХІІ Қазақстан чемпионаты үшінші турының кезекті ойындары мәресіне жетті.
Бұл жолы тартысты кездесу жергілікті «Жайық» пен солтүстікқазақстандық «Есілдің» арасында болды.
Бес сетке созылған бәсекеде Виктор Козик жаттықтыратын оралдықтар 3:2 (23:25, 32:30, 18:25, 25:16, 15:11) есебімен жеңіске жетті.
«Есіл» 28 ұпаймен турнир кестесінде төртінші орында келе жатса, «Жайық» (32 ұпай) үздік үштікті түйіндеп тұр.
Ел чемпионы «Павлодар» 44 ұпаймен көш бастаса, «Ақтөбені» 3:0 (25:15, 25:15, 25:15) есебімен тізе бүктірген «Тараз» (33 ұпай) екінші сатыға көтерілді.
Оралдағы үшінші тур 19 қаңтарда аяқталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Павлодардың» «Жайықты» екінші рет ұтқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).