АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан ХХХІІІ Қазақстан чемпионатының бірінші турында «Жайық» клубы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Қазақстандық маман Виктор Козиктің шәкірттері сенбі күні ел чемпионатының күміс жүлдегері «Павлодармен» шеберлік байқасты.
Оралдықтар матчты қарқынды бастап, бірінші партияда 9:4 есебімен алға шықты. Сол басымдылығынан сет біткенше жаңылған жоқ – 25:13.
Екіншісінде Сергей Грибов жаттықтыратын павлодарлықтар есе қайырды – 25:23. Дегенмен бұдан кейін «Жайық» ойын тізгінін қайтадан қолға ала білді – 25:21, 25:13. Жалпы есеп – 3:1, «Жайықтың» пайдасында.
Әзірге төрт ұпайы бар батысқазақстандықтар турнир кестесінде жетінші, павлодарлықтар (6 ұпай) үшінші сатыда тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Жетісу» қатарынан үшінші рет жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.
«Атырау» волейбол клубы өз алаңында тағы да есе жіберді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).