Волейболдан Қазақстан чемпионаты: «Жайық» клубы камбэкпен «Ақтөбені» ұтты

Фото: Фото: volleyzhaik/instagram.com

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласындағы «Жайық арена» спорт кешенінде волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының финалында «Жайық» пен «Ақтөбе» шеберлік байқасты.

Бұл қос үздік команданың чемпиондық атақ үшін екінші кездесуі еді. 

Кеше «Ақтөбе» аса тартысты матчта 3:2 есебімен басым түскен болатын.

Сергей Трикоз жаттықтыратын ақтөбеліктер сапында өткен жылғы чемпион «Тараз» клубының құрамында ойнаған Дамир Әкімов, Надырхан Қадырханов, либеро Ерікжан Бөкен және басқа тісқаққан волейболшылар өнер көрсетеді.

Виктор Козик баптайтын «Жайыққа» басқа тәжірибелі ойыншылармен қатар маусым басында тараздық командадан байланыстырушы, украиналық Володимир Ковальчуктың ауысып келгені белгілі.

Бірінші партия өте шиеленісті өтіп, сәттілік ақтөбеліктер жағында болды – 30:28.

Есесіне екіншісінде «Ақтөбе» дес бермеді – 25:16. Олар үшінші сетте де чемпиондыққа жақын тұрды. Есеп 20:23 болған мезетте «Жайық» құрамындағы Борис Кемпа сәтті доп бере білді – 25:23. 

Төртінші партияда есеп 21:23 болғанда, Владимир Прокофьев доп бергенде, «Жайық» алға шықты – 24:23. Сосын таразы басын аудара білді – 26:24. 

Бесінші партия алаң иелерінің пайдасына шешілді – 18:16. Қорытынды есеп – 3:2.

Осылайша, «Жайық» 0:2 есебімен ұтылып жатып, жеңісті жұлып алды. 

Камбэк жасау үшін капитан Виталий Вориводин, Виталий Эрдштейн, Борис Кемпа, Владимир Прокофьев, ресейлік Михаил Моровтар командасын өрге сүйрей білді. Сондай-ақ байланыстырушы Умид Набиев ойынға сәтті қосылды. 

- Біз тек Батыс Қазақстан облысы ғана емес, бүкіл қазақстандық жанкүйерлерге волейбол мерекесін сыйлауға тырыстық. Бүгін ұлттық лига деңгейін көрсететін әдемі ойын болды. Осыдан кейін волейболға бет бұратын жас жеткіншектер саны артса, мен тек қуаныштымын, - деді «Жайықтың» бас бапкері Виктор Козик. 

«Ақтөбені» жаттықтыратын Сергей Козик те ойыншылардың бұл бәсекеге бар күшін жұмсағанын жеткізді. 

Ертең қос клуб үшінші, шешуші кездесуін өткізіп, Қазақстан чемпионы анықталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақтөбенің» чемпиондық үшін алғашқы кездесуде «Жайықты» жеңгенін жазған едік.

Сондай-ақ волейболдан Қазақстан чемпионатында қола жүлде үшін бәсекеде «Атырау» есепті теңестірді.