ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласындағы «Жайық арена» спорт кешенінде волейболдан Қазақстан чемпионатының жартылай финалында «Жайық» клубы «Атыраумен» ойнады.
Өткен жылы ширек финалда оралдықтар атыраулықтарға жол беріп, жүлдеден тыс қалған еді.
Бұл жолы Ислам Жұмабеков жаттықтыратын «Атырау» матчты қарқынды бастады 25:17. Олар екінші партияда да алда тұрды. Дегенмен Виктор Козиктің шәкірттері таразы басын аудара білді — 25:23.
Бұдан кейін алаң иелері онша қиналған жоқ — 25:16, 25:17. Қорытынды есеп — 3:1, «Жайықтың» пайдасында.
Ертең қос клуб екінші кездесуін өткізеді. Оралдықтар жеңсе, финалға жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан ел чемпионатында «Ақтөбе» командасының жартылай финалда «Жетісуды» жеңгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).