Волейболдан Қазақстан чемпионаты: «Жетісу» клубы «Ақтөбемен» финалдық бәсекеде таразы басын теңестірді

АСТАНА. KAZINFORM — Ақтөбе қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының екінші финалдық кездесуі мәресіне жетті.

Фото: :instagram.com/atyrau_vc

Бастапқы бәсекеде Сергей Трикоз жаттықтыратын «Ақтөбе» командасы камбэк жасап, «Жетісуды» (бас бапкері Марат Адрышев) 3:1 есебімен жеңген еді.

Бұл жолы да қос клуб жеңіс үшін аянып қалған жоқ.

«Ақтөбе» сапында Бекарыс Ғабитұлы, Азамат Сейілханов, Антон Кузнецов, либеро Муроджон Хавазматов, сондай-ақ украиналық байланыстырушы Роман Хандролин, ресейліктер Андрей Самойлов, Кирилл Костыленко бастапқы құрамда шықты.

«Жетісудан» команда капитаны Айбек Жақсылықов, Дамир Әкімов, Нұрдос Алдаш, Владислав Кунченко, Михаил Устинов, либеро Ерікжан Бөкен, ресейліктер, байланыстырушы Роман Егоров, Никита Швалев барын салды.

Бірінші партияда алаң иелері ептілік танытты – 25:21. Бұдан кейін талдықорғандықтар күш алып, камбэк жасай білді – 25:20, 25:18, 25:21. Қорытынды есеп – 3:1.

Осылайша, екі финалдық ойыннан кейін есеп теңесті – 1:1. Қазақстан чемпионы бейсенбі күні өтетін үшінші матчта анықталатын болады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында алтын үшін таласта «Ақтөбе» алға шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ «Жайық» волейбол клубы Қазақстан чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды.