ОРАЛ. KAZINFORM - Орал қаласындағы «Жайық арена» спорт кешенінде волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының плей-офф матчында «Жетісу» мен «Тараз» клубтары сынға түсті.
Марат Адрышев жаттықтыратын талдықорғандықтар осыған дейін өткен жылғы күміс жүлдегер «Павлодарды» 3:0 есебімен ұтқан еді.
Бұл жолы 2024 жылғы ел чемпионы «Таразбен» (бас бапкері Юрий Башкатов) ойын аса тартысты өтіп, «Жетісудың» пайдасына аяқталды - 3:2 (25:21, 20:25, 20:25, 25:20, 15:10).
Осылайша, өткен жылғы жеңімпаз бен вице-чемпион биыл жүлдеден тыс қалды.
«Жетісу» финалға шығу үшін «Ақтөбемен» таласады.
Екінші жартылай финалда «Жайық» (Орал) пен «Атырау» кездеседі.
Еске сала кетейік, волейболдан ел чемпионатында «Атыраудың» жартылай финалға жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).