Волейболдан Қазақстан чемпионаты: «Жетісу» клубы жеңіс сериясын 9 матчқа жеткізді

Фото: vc_zhetysu

АСТАНА. KAZINFORM — Талдықорған мен Ақтөбе қалаларында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында ХХХIV Қазақстан чемпионаты екінші турының ойындары өтіп жатыр.

Талдықорғанда А тобында жергілікті «Жетісу», «Берел» (Өскемен), «Тұран» (Түркістан) және «Алматы» командаларының басы қосылды.

Сәрсенбі күні орталық матчта ел чемпионы «Жетісу» мен күміс жүлдегер «Берел» клубы алаңға шықты. Тартысты өткен бірінші партияда талдықорғандықтар 26:24 есебімен басым түссе, екіншісінде есепті еселеді – 25:17. Үшінші сетті өскемендіктер (25:23) алғанымен, одан әріге шамасы жетпеді – 23:25. Қорытынды есеп – 3:1, «Жетісудың» пайдасында.

Осылайша, сербиялық маман Марко Гршичтің шәкірттері жеңіс сериясын 9 матчқа жеткізіп, 26 ұпаймен көш бастап келеді.

Жаңа маусымда «Қуаныш» (СҚО) командасының да қарқыны жақсы. Бірінші турда тек «Жетісуға» есе жіберген солтүстікқазақстандықтар Ақтөбеде «Астананы» 3:0 (25:14, 25:15, 25:15), «Қарағандыны» 3:0 (25:12, 25:11, 25:13) есебімен ойсырата ұтты. Юрий Панченко баптайтын команда 25 ұпаймен екінші орында тұр. «Жетісу» мен «Қуанышты» біршама ұзатып алған «Берелдің» қоржынында 17 ұпай бар.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жетісу» командасының «Қуанышты» жеңіп, көш басына шыққанын жазған едік.

Сондай-ақ ерлер арасында да «Жетісу» командасы «Ақтөбе» мен «Жайықтан» басым түсті.