ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының жартылай финалында «Жетісу» мен «Тұран» алаңға шықты.
Өткен жылы жүлделі орындардан тыс қалған талдықорғандықтар осыған дейін чемпионатта қатарынан 16 матчта жеңіске жеткен еді.
Бұл жолы бірінші партия соңында Асқар Шалқыбековтің шәкірттері 22:20 есебімен алға шыққанымен, сол мүмкіндікті пайдалана алмады — 22:25. Бұдан кейін Марко Гршич жаттықтыратын «Жетісу» дес бермеді — 25:15, 25:19. Қорытынды есеп — 3:0.
Ертең екінші бәсекеде талдықорғандықтар жеңсе, финалға жолдама алады. Ал өткен жылғы ел чемпионы «Тұран» есе қайтарса, шешуші, үшінші матч ойнатылады.
Бүгін 5-8 орындар үшін аса тартысты ойында «Қарағанды» клубы «Алматыдан» айласын асырды — 3:2 (25:19, 18:25, 25:15, 23:25, 15:13).
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында жартылай финалға шыққан төртінші команда анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).