АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында ХХХІІІ Қазақстан чемпионатының бірінші турында «Ақтөбе» және «Павлодар» өзара кездесті.
Павлодарлықтар (бас бапкері Сергей Грибов) көктемде ел біріншілігін күміс жүлдемен қорытындыласа, Сергей Трикоз жаттықтыратын «Ақтөбе» жаңа маусымда Қазақстан кубогында жеңімпаз атанған болатын.
Тәжірибелі волейболшылардан жасақталған «Ақтөбе» клубы сол кубоктағы қарқынын жалғастырып, 3:0 (25:17, 25:17, 25:23) есебімен жеңіске жетті.
Бұдан кейін «Жайық» (Орал) мен «Жетісу» (Талдықорған) командалары алаңға шықты. Биылғы ел кубогында Виктор Козик баптайтын оралдықтар күміс, ал Марат Адрышевтің шәкірттері қола жүлдеге қол жеткізген еді.
Бұл жолы талдықорғандықтар матчты қарқынды бастады — 25:14. Содан кейін екі сет тартысты өрбігенімен, «Жетісу» дегеніне жетті — жалпы есеп — 3:0 (25:14, 25:23, 25:21).
Еске сала кетейік, бұдан бұрын ел чемпионы «Тараздың» жаңа біріншілікті жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).