ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында XXXIII Қазақстан чемпионатында алаң иелері «Буревестникпен» (Алматы) кездесті.
Бейсенбі күні Сергей Грибов жаттықтыратын «Павлодар» ел чемпионы «Таразды» жеңген еді.
Сол секілді «Буревестник» (бас бапкері Игорь Никольченко) осыған дейін көш бастап келе жатқан «Жетісу» клубын тоқтатқан болатын.
Бұл жолы алматылықтар алғашқы екі партияда 25:22, 25:20 есебімен басым түсті. Бірақ алаң иелері де қалыспады – 25:23, 32:30. Дегенмен шешуші, бесінші сетте «Буревестник» сәтті ойнады – 15:12. Қорытынды есеп – 3:2.
Осылайша, алматылықтар ұпай саны (13) жағынан «Павлодармен» теңесіп, оны бесінші орынға ығыстырды. Бұл чемпионаттың алдағы ойындарының да тартысты өтетінін аңғартқандай.
Сенбі күні «Жайық» - «Ұшқын-Көкшетау», «Жетісу» - «Есіл», «Тараз» - «Буревестник», «Павлодар» - «Атырау» командалары өзара сынға түседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан ел чемпионатында «Жайық» клубының алты рет қатарынан жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).