Волейболдан Қазақстан чемпионатында қола жүлде үшін бәсекеде «Атырау» есепті теңестірді

Фото: Фото: Атырау ВК

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласындағы «Жайық арена» спорт кешенінде волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатында «Атырау» мен «Жетісу» командалары қола жүлде үшін екінші кездесуін өткізді.

Кеше бірінші ойында Марат Адрышев баптайтын талдықорғандықтар 3:1 есебімен жеңіске жеткен еді. 

Бұл жолы бастапқы партияда Айбек Жақсылықов бастаған жетісулықтар айқын басымдылық көрсетті – 25:13.

Есесіне тартысты өткен екінші сетте Ислам Жұмабековтің шәкірттері есе қайырды – 26:24. Бұдан кейін «Атырау» капитаны Бекарыс Ғабитұлы, Петр Чурзин, байланыстырушы Айбол Өтегенов, ресейлік Иван Никишин сынды атыраулықтар сәтті ойнап, күш алып кетті – 25:13, 25:16. 

Осылайша, қола жүлде үшін бәсекеде таразы басы теңесті – 1:1. Ертең үшінші матчта қола медаль иесі анықталады.

Бүгін «Буревестник» (Алматы) өткен жылғы күміс жүлдегер «Павлодарды» 3:2 (25:18, 25:8, 35:37, 17:25, 15:11) есебімен тізе бүктіріп, бесінші орынға ие болды.

Өткен жылғы чемпион «Тараз» СҚО-ның «Есілін» 3:0 (25:16, 25:16, 25:22) ұтып, 7-сатыға тұрақтады. 2024 жылы қола алған «Есіл» биыл 8-орында қалды. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында қола жүлде үшін бәсекеде «Жетісу» клубының «Атыраудан» басым түскенін жазған едік.

Сондай-ақ «Ақтөбе» чемпиондық үшін алғашқы кездесуде «Жайықты» жеңді.