Волейболдан Қазақстан чемпионатында «Қуаныш» командасы көш бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының алтыншы турынан кейін көш басындағы клуб өзгерді.

Фото: Қазақстан волейбол федерациясы

Өскеменде жергілікті «Берел» (бас бапкері Халук Көркмаз) мен «Қуаныш» (СҚО) екінші кездесуін өткізді.

Сенбі күні Саим Паккан жаттықтыратын солтүстікқазақстандықтар 3:1 есебімен басым түскен еді. 

Бұл жолы матч аса тартысты өрбіді. Кездесуді алаң иелері сәтті бастады — 25:23. Бұдан кейін екі сет Паккан шәкірттерінің еншісінде кетті — 25:21, 25:20. Дегенмен «Берел» таразы басын теңестірді — 25:19. Шешуші, бесінші партияда «Қуаныштың» үздік волейболшыларының бірі, сербиялық Анет Альфонсо Бенитес ойын нүктесін қойды — 15:12. Қорытынды есеп — 3:2.

Осылайша, «Берелді» екі рет қапы қалдырған «Қуаныш» командасы 25 ұпаймен турнир кестесінде көш басына шықты. Өскемендіктер 24 ұпаймен екінші орынға ығысты. 

Алматыда «Буревестникті» тағы да 3:1 (25:23, 19:25, 25:19, 25:19) есебімен сүріндірген Талдықорғанның «Жетісуы» 23 ұпаймен көш басындағыларды өкшелеп келеді.
Павлодардың «Ертісін» 3:0 (25:16, 25:19, 25:13) есебімен оңай жеңген Түркістанның «Тұраны» 15 ұпаймен төртінші орынға көтерілді.

«Қарағанды» Ақтөбеде чемпионат аутсайдерін 3:1 (25:23, 22:25, 25:13, 25:20) есебімен ұтты.

Жетінші тур ойындары 12-13 желтоқсанда өтеді. Онда «Жетісу» өз алаңында «Ақтөбені», «Ертіс» «Қарағандыны», «Қуаныш» «Буревестникті», «Тұран» «Берелді» қабылдайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында Өскеменнің «Берел» командасы «Жетісуды» екінші рет жеңгенін жазған едік.

Сондай-ақ волейболдан Қазақстан чемпионатында «Берелдің» 8 матчқа созылған жеңіс сериясын «Қуаныш» тоқтатты.