ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл қаласында волейболдан әйелдердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ ҚР чемпионаты соңғы, төртінші турының ойындары басталды.
Бастапқы күні орталық кездесу көш бастап келе жатқан «Қуаныш» (СҚО) пен үшінші орындағы «Тұранның» (Түркістан) арасында өтті.
Өте тартысты кездесуде солтүстікқазақстандықтар 3:2 (30:32, 25:20, 25:18, 22:25, 15:13) есебімен жеңіске жетті.
Сондай-ақ «Жетісу» «Алматы» командасын 3:0 (25:18, 25:22, 25:18) есебімен тізе бүктірді.
«Қарағанды» «Ертістен» айласын асырды – 3:1 (25:17, 19:25, 25:16, 25:16).
Өскеменнің «Берелі» жерлестері – «Алтайды» оңай жеңді – 3:0 (25:11, 25:6, 25:16).
Турнир кестесінде «Қуаныш» 49 ұпаймен алда тұрса, «Берел» (46 ұпай) екінші, «Тұран» (44 ұпай) үшінші, «Жетісу» (43 ұпай) төртінші орында келеді.
Төртінші тур 27 ақпанда мәресіне жетіп, плей-офф бәсекесіне жолдама алған 8 команда анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан ел чемпионатында плей-офф бәсекесіне шыққан командалар белгілі болғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).