НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Таразда ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХ Қазақстан чемпионаты мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл алтын жүлдені «Атырау» мен «Есіл» (СҚО) командалары сарапқа салды.
Виктор Козик жаттықтыратын атыраулықтар кеше бірінші ойында «Есілді» 3:1 есебімен тізе бүктірген еді.
Бүгін де «Атырау» чемпионға тән ойын өрнегін көрсетіп, қарсыласын 25:17, 25:17, 25:21 есебімен (3:0) ұтты.
Осылайша атыраулықтар чемпиондық тұғырға көтерілсе, солтүстікқазақстандықтар күміс жүлдені қанағат тұтты.
Үшінші орын үшін бәсекеде «Таразды» жолдан тайдырған өткен жылғы ел чемпионы Алматының «Буревестнигі» қола жүлдегер атанды. Біріншілікте көш бастаған тараздықтар шешуші ойындарда білгенінен жаңылып, жүлдесіз қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан ел чемпионы атағына таласатын командалар анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).