Волейболдан Қазақстан ерлер құрамасы Азия чемпионатының финалына шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Индонезияда ерлер арасында волейболдан өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы финалға жолдама алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Қазақстандықтар Оңтүстік Корея құрамасынан 0:2 есебімен жеңіліп жатып, жігері мен шеберліктерін танытып, бес партияда (20:25, 15:25, 25:17, 25:23, 16:14) ұтып кетті.

Қазақстандықтардың финалдағы қарсыласы Индонезия мен Жапония құрамасының бірі болмақ.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасы 1993 жылғы Азия чемпионатында финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанған болатын. Ал жаңа ғасырдағы үздік көрсеткіші 2009 жылғы біріншіліктегі бесінші орын еді.

Қазақстан волейбол федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Игорь Никольченко бастаған мамандар жаттықтыратын Қазақстан құрамасының сапында Орал волейболының түлектері, шабуылшы Виталий Вориводин мен либеро Қайрат Байбеков те ойнайды.  Оған қоса дәл бүгін В.Вориводин тура 27 жасқа толды. Қазақстан құрамасы оның туған күніне осындай тамаша сый жасады.