АСТАНА. ҚазАқпарат - Индонезияда ерлер арасында волейболдан өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы финалға жолдама алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Қазақстандықтар Оңтүстік Корея құрамасынан 0:2 есебімен жеңіліп жатып, жігері мен шеберліктерін танытып, бес партияда (20:25, 15:25, 25:17, 25:23, 16:14) ұтып кетті.
Қазақстандықтардың финалдағы қарсыласы Индонезия мен Жапония құрамасының бірі болмақ.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасы 1993 жылғы Азия чемпионатында финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанған болатын. Ал жаңа ғасырдағы үздік көрсеткіші 2009 жылғы біріншіліктегі бесінші орын еді.
Қазақстан волейбол федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Игорь Никольченко бастаған мамандар жаттықтыратын Қазақстан құрамасының сапында Орал волейболының түлектері, шабуылшы Виталий Вориводин мен либеро Қайрат Байбеков те ойнайды. Оған қоса дәл бүгін В.Вориводин тура 27 жасқа толды. Қазақстан құрамасы оның туған күніне осындай тамаша сый жасады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).