Волейболдан Қазақстан ұлттық құрамасы «Вьетнам теларнасы кубогы» турнирінің жартылай финалында өнер көрсетуде

АЛМАТЫ. 18 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Ниньбинь қаласында волейболдан «Вьетнам телеарнасы кубогы» халықаралық турнирінің жартылай финалдық ойындары өтуде.

Онда ел намысын қорғап жатқан Людмила Перевертова жаттықтыратын әйелдер арасындағы «Қазақстан-2» құрамасы Қытайдың «Jiangsu» клубымен, ал қытайлықтардың келесі бір клубы «Shandong» жарыс қожайындарының 20 жасқа дейінгі жастар құрамасымен күш сынасуда. Бұған дейін топтық сында өз қарсыластарын вьетнамдықтар 3:2 есебімен ұтса, қазақстандықтар 0:3 есебімен ойсырай жеңілген еді. Ал өзге ойындарда қазақстандықтар «Shandong» клубынан - 0:3, вьетнамдықтардан - 1:3, австралиялықтардан 2:3 есебімен сүрініп, тек тайландтықтарды 3:1 есебімен ұтқан болатын. Соның нәтижесінде Қытайдың қос клубы мен Вьетнам құрамасы 12 ұпайдан жинаса, қазақстандықтар 4 ұпаймен төртінші орын алып, тайландықтардан - 1, австралиялықтардан 2 ұпай артықшылығымен жартылай финалға жолдама алған еді. Кубок иегері сенбі күні жартылай финалдық ойындардың жеңімпаздары арасындағы кездесуде белгілі болады. Ал жартылай финалда жеңілгендер қола жүлдені сарапқа салады.