АСТАНА. KAZINFORM – Таиландтың Накхонпатхом және Ратчабури қалаларында 16 жасқа дейінгілер арасында волейболдан Азия чемпионаты өтіп жатыр.
Қазақстан волейбол федерациясынан мәлім еткеніндей, құрлықтық дода осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр.
Бұдан екі жыл бұрын Өзбекстанда Дулат Олжабаевтың шәкірттері алтыншы орынды қанағат тұтқан еді.
Бұл жолы құраманы Алексей Теренин баптап апарды.
Қазақстан жасөспірімдері осындай жастағылар арасында Азия чемпионы – Иран, сондай-ақ Индонезия және Гонконг командаларымен бір топқа түсті.
Қазақстандықтар алғашқы кездесуінде Гонконгты 3:0 (25:16, 25:17, 25:22) тізе бүктірді.
Иран Индонезияны 3:1 (21:25, 25:21, 25:19, 26:24) есебімен жеңді. Бұдан матчтың едәуір тартысты өткенін байқауға болады.
Бүгін Қазақстан құрамасы Индонезиямен ойнайды. Үздік сегіздікке ілігу үшін оны қалайда ұту керек.
Азия бәсекесі 19 шілдеде мәресіне жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан қазақстандық жасөспірім қыздар Орталық Азияда үздік шыққанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).