Волейболдан Қазақстанның әйелдер құрамасы соңғы оқу-жаттығу жиынын Қытайда өткізбек

АЛМАТЫ. 23 шілде. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Волейболдан Қазақстанның әйелдер құрамасы Әлемдік Гран-при жарысының 1-кезеңіндегі соңғы оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін кеше Алматыдан Қытайдың Нанджжинг қаласына аттанып кетті.

Бас бапкер Бақытжан Байтөреевтің тәлімгерлері онда жергілікті командалармен жолдастық кездесу өткізеді. Одан кейін Әлемдік Гран-при жарысының 1-кезеңіндегі топтық сайысын өткізу үшін Луохе қаласына аттанады. "D" тобында бақ сынайтын қазақстандықтар алғашқы ойынын 5-тамызда қытайлықтармен өткізеді. Келесі күндері АҚШ пен Сербия спортшыларымен сайысқа түседі. Одан кейін олар 2-кезеңді 12-14 тамызда Алматыда жалғастырады. Онда қазақстандықтар "F" тобында Италия, Бразилия және Тайланд құрамаларымен күш сынасады. Сондай-ақ 19-21 тамызда Гонгонгтағы 3-кезең сынында "І" тобында Қытай, Польша және Доминикан спортшыларымен кездеседі. Ал кезеңдік жарыстың ақтық ойындары 24-28 тамызда Қытайдағы Макоада болмақ.