Волейболдан ҚР біріншілігі: Ел чемпионы «Алтай» «Жетісу» командасын ұтты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласында волейболдан Ұлттық лиганың әйелдер командалары арасында 30-ыншы Қазақстан чемпионаты төртінші турының ойындары мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін өткен жылғы ел чемпионы «Алтай» (Өскемен) мен күміс жүлдегер «Жетісу» (Талдықорған) алаңға шықты.

Бұл ойын 28 желтоқсан күні екінші тур аясында Талдықорған қаласында өтуі керек еді. Алайда бірнеше волейболшыдан коронавирус анықталуына байланысты кейінге қалдырылған еді.

«Алтайды» сербиялық маман Марко Гршич жаттықтырып келе жатса, «Жетісу» командасының тізгінін өткен жылы белгілі волейболшы Елена Павлова алған еді.

Соңғы жылдары алтын жүлдеге таласып жүрген қос клубтың кездесуі бұл жолы да тартысты болды. Алғашқы екі партияда өскемендіктер 25:23, 25:19 есебімен басым түсті. Алайда үшінші сет барысында «Алтайдың» капитаны, Орал волейболының түлегі Сана Анарқұлова жарақат алып қалды. Осыны да пайдаланған талдықорғандықтар бұл партияда айқын басымдылық көрсетті – 25:14. Дегенмен Сана алаңға қайта шыққаннан кейін төртінші сетте «Алтай» шеберлігінің басым екендігін байқатты – 25:19. Есеп – 3:1.

Биылғы маусым барысында «Қуаныш» (СҚО) та «Алтай» мен «Жетісу» командасына бәсекелес бола алатындығын көрсетті. Турнир кестесінде «Алтай» топ бастаса, «Қуаныш» әзірге екінші, «Жетісу» үшінші орында келеді.

Ел біріншілігінің қорытынды, бесінші туры Талдықорған қаласында 12-20 наурызда өтіп, плей-офф бәсекелері барысында жеңімпаз-жүлдегерлер анықталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Алтайдың» бесінші рет ел чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.