АСТАНА. KAZINFORM — Батысқазақстандық «Жайық» клубы Мальдив аралдарының астанасы Мале қаласында волейболдан өтіп жатқан Орталық Азия чемпиондар лигасында екінші жеңісіне қол жеткізді.
Оралдықтар бұл жолы «Dhivehi Sifainge» (Мальдив) командасымен алаңға шықты.
Бірінші партияда Виктор Козиктің шәкірттері 25:17 есебімен басым түсті. Содан кейін де осы қарқынынан танған жоқ – 25:22, 25:15. Қорытынды есеп – 3:0, «Жайықтың» пайдасында.
Қазақстан чемпионы 19 шілде күні тағы бір жергілікті «HDC» клубымен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жайық» клубының Орталық Азия чемпионатын жеңіспен бастағанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).