Волейболдан Ұлттар кубогы: Қазақстан екінші жеңісіне қол жеткізді

Фото: avcnationscup

АСТАНА. KAZINFORM — Вьетнам астанасы Ханой қаласында волейболдан әйелдер құрамалары арасында өтіп жатқан құрлықтық AVC Ұлттар кубогы жарысында Қазақстан командасы Моңғолиямен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда Ришат Гилязутдиновтің шәкірттері дес берген жоқ – 25:14. Алайда екінші сетте күтпеген жерден есе жіберді – 24:26. Ал үшіншісінде қарымта қайырды – 25:18.

Төртінші сетте Моңғолия құрамасы 9:4 есебімен алға шыққанымен, қазақстандық қыздар таразы басын теңестіріп қана қоймай, матчты жеңіспен түйіндеді – 25:15. Жалпы есеп – 3:1.

Команда капитаны, Орал волейболының түлегі Сана Анарқұлова нәтижелі ойын өрнегін көрсете білді. Сондай-ақ Юлия Якимова, Маргарита Бельченко, Перизат Нұрбергенова, байланыстырушы Наиля Нигматуллина, Сәния Балағазинова, Татьяна Никитиналарды атап өтуге болады. Либеролар Сәбира Бекішева, Томирис Сағымбаева алма-кезек алаңға шығып отырды.

Осылайша, қатарынан екі жеңіске қол жеткізген Қазақстан құрамасы В тобында көш бастады.

Ертең қазақстандықтар Индонезия командасымен алаңға шығады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан әйелдер құрамасының волейболдан Ұлттар кубогын жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.