Волейболдан Ұлттар кубогы: Қазақстан құрамасы Индонезиядан айласын асырды

Фото: Азия волейбол конфедерациясы

АСТАНА. KAZINFORM — Вьетнам астанасы Ханой қаласында волейболдан әйелдер құрамалары арасында өтіп жатқан AVC Ұлттар кубогында Қазақстан жеңісті жолын жалғастырды.

Қазақстан құрамасы бүгін В тобында Индонезия командасымен алаңға шықты.

Бас бапкер Ришат Гилязутдинов Моңғолиямен өткен ойында өнер көрсеткен волейболшыларға сенім артты.

Алғашқы екі партияда Қазақстан құрамасы (капитаны Сана Анарқұлова) айқын басымдылық көрсетті – 25:17, 25:12.

Үшінші партия барысында индонезиялықтар таразы басын теңестіргенімен, қазақстандықтар матчты сәтті түйіндей білді – 26:24. Жалпы есеп – 3:0.

Осылайша, қатарынан үш бәсекеде жеңіске жеткен Қазақстан өз тобында көш бастап келеді.

Р.Гилязутдиновтің шәкірттері 11 маусымда Иранмен шеберлік байқасады. 12 маусымда топтағы шешуші кездесуін Филиппин құрамасымен өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Ұлттар кубогында Қазақстанның екінші жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.