ОРАЛ. 13 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Астана қаласында өткен волейболдан 1994-1995 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінде БҚО құрамасы жеңімпаз атанды.
«Жайық» волейбол клубының басшысы Шоқан Кеңесовтің айтуынша, жарысқа барлығы он команда қатысты. Жастар мен жасөспірімдер арасындағы БҚО құрамасының аға бапкері Сергей Казак жаттықтыратын батысқазақстандықтар финалдық бәсекеде алматылық, солтүстікқазақстандық және астаналықтардан басым түсіп, бірінші орынды иеленді.
Батысқазақстандықтар сапында Айдын Алтынбеков (бойы 2 метр 6 сантиметр), Әсет Хайрушев, Евгений Гоф, Роман Кривоножкин сынды ойыншылар ерекше көзге түсті. Бұлардың төртеуіне де «Конденсат» компаниялар тобы демеушілік көрсетіп, шәкіртақы төлеп келеді.
1996-1997 жылғылар арасында 15 команданың арасынан батысқазақстандықтар он екінші орынды қанағат тұтса, 1998-1999 жылдары туған жеткіншектердің арасындағы бәсекеде оралдықтар күміс жүлдені жеңіп алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).