АСТАНА. KAZINFORM – Ақтөбе қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының биылғы жеңімпазы анықталды.
Чемпиондық атақты өткен жылғы күміс жүлдегер «Ақтөбе» мен «Жетісу» клубы (Талдықорған) сарапқа салды.
Жеңімпаз үшінші, шешуші кездесуде анықталды. Бұған дейін алдымен Сергей Трикоз жаттықтыратын ақтөбеліктер «Жетісуды» 3:1 есебімен жеңген еді. Дегенмен кеше Марат Адрышевтің шәкірттері дәл сондай есеппен есе қайырды.
Бұл жолы талдықорғандықтар матчты үш сетте жеңіспен аяқтады — 3:0 (26:24, 25:23, 25:22). Осылайша, «Жетісу» ерлер клубы өз тарихында алғаш рет Қазақстан чемпионы атанды.
Ақтөбеліктер екінші жыл қатарынан күміс жүлдені қанағат тұтты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жайық» волейбол клубының Қазақстан чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ волейболдан Қазақстан чемпионатында «Жетісу» клубы «Ақтөбемен» финалдық бәсекеде таразы басын теңестірді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).