Волейболдан Жоғары лигадағы әйелдер командалары арасындағы ел чемпионатының 2-турында 2 команда ғана жеңіліссіз келе жатыр

АЛМАТЫ. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыдағы Октябрь Жарылқапов атындағы спорт кешеніндегі волейболдан Жоғары лигадағы әйелдер командалары арасындағы XIX Қазақстан чемпионатының 2-турында кеше жеңілісіз келе жатқан командалар саны 4-тен 2-ге дейін қысқарды.

Бұған дейін алғашқы үш күнде барлық кездесулер 3:0 есебімен аяқталған болатын. Кеше бес кездесудің төртеуінде 3:1, ал біреуінде 3:0 есебі тіркелді. Онда жеңіліссіз келе жатқан Қостанайдың «Иволгасы» Өскеменнің «Шығыс-ҚорғасынҚұрылыс» командасына, ал теміртаулық «Спартак АМТ» Қарағандының "Қарағанды-2" командасына 1:3 есебімен есе жіберді. Өз шеберліктерін бұл жолы тағы дәлелдеген Алматының "ЦСКА-Алматы" клубы талдықорғанның «Жетісу-2» волейболшыларын 3:0 есебімен ойсырата ұтты.