АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Форт-Уэйн қаласында волейболды отырып ойнаудан өтіп жатқан әлем кубогында Қазақстан құрамасы жеңіліссіз келеді.
Бауыржан Тахауов жаттықтыратын қазақстандық параволейболшылар кезекті ойында жарыс фавориті – АҚШ құрамасымен алаңға шықты.
Аса тартысты өткен матчта бастапқы екі партияда қазақстандықтар 27:25, 25:21 есебімен басымдық танытты. Алайда бұдан кейін алаң иелері есепті теңестірді – 25:22, 25:17. Шешуші, бесінші сетте Қазақстан құрамасы жеңісті жұлып алды – 15:12. Қорытынды есеп – 3:2.
Осылайша, қазақстандықтар топтық кезеңде қатарынан бесінші матчта қарсыластарын қапы қалдырды.
Б.Тахауовтың шәкірттері енді Таиланд құрамасымен шеберлік таластырады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық параволейболшылардың әлем кубогында кезекті жеңісіне қол жеткізгенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).