Басында жарылысты өзін-өзі жарған әйел адам жасады деп хабарланды. Қазір лаңкестікті Марий Ел Республикасында туған ер адам Павел Печенкин жасады деген мәлімет пайда болды. Ол бір жыл бұрын исламды қабылдап, Дағыстан Республикасының аумағында әрекет ететін банда құрылымы тобына қосылған.
Печенкин жедел жәрдем қызметінде фельдшер болып істеген. Алайда осы жылдың басында үйінен кетіп, сол күйі қайтып келмеген. Анасы оның ұлын заңсыз қаруланған банда құрылымына тартқанын мәлімдеді. «Ол әрқашан өте мейірімді бала болатын, көмек көрсетіп, емдейтін. Барлығы оның кең жүректі әрі қамқор адам болғанын біледі», - дейді ұлы жайлы анасы. Оның сөзіне қарағанда, Печенкин Мәскеуге «ақша тауып, жұмыс істеуге» кеткеннен қайтып келмеген.
Печенкиннің ата-анасының айтуына қарағанда, ұлдарының қазіргі аты - Ансар Ар-Руси. Олар оның исламды қабылдағанына қолдау білдірген. Павелдің әкесі ұлының исламды қабылдағаннан кейін жақсы жаққа өзгергенін, әкесіне қарсы келуін қойып, ішімдіктен бойын аулақ салып, мешітке барып жүргенін айтты.
Бүгін Волгоградта бір тәулік өтпей жатып тағы бір лаңкестік оқиға орын алды. Дзержинский ауданындағы базар маңында троллейбуста 18:10 кезінде жарылыс болған. Ресейдің тергеу комитеті 14 адамның мерт болғанын нақтылады. Тергеу комитетінің нұсқасы бойынша, жарылыс құрылғысын өзін-өзі жарған лаңкес-ер адам болған. Оның денесі генетикалық сараптамаға кім екенін анықтау үшін жіберілді.