Volkswagen әлемдік деңгейде 100 мың жұмыс орнын қысқартпақ

АСТАНА. KAZINFORM — Volkswagen концерні бүкіл әлем бойынша шамамен 100 мың жұмыс орнын қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл компания қызметкерлерінің жалпы санының шамамен 15%-ын құрайды, деп хабарлайды Euronews .

Фото: Unsplash

Компания басшылығы мен кәсіподақтар бұған дейін 50 мың жұмыс орнын қысқарту туралы келіссе, енді тағы 50 мың жұмыс орнын қысқарту көзделіп отыр. Volkswagen мәлімдемесінде қызметкерлер санын экономикалық жағдайға сәйкестендіру маңызды екені айтылған.

Егер жоспар толық жүзеге асса, бұл әлемдік автомобиль өнеркәсібі тарихындағы ең ауқымды қысқартулардың біріне айналуы мүмкін. Бұған дейінгі ірі мысалдардың бірі — General Motors компаниясының 1991 жылы 74 мың қызметкерін қысқартуы. 2009 жылы америкалық автоконцерн тағы 47 мың жұмыс орнын қысқартқан.

Volkswagen бұдан бөлек, 2030 жылдан кейін Германиядағы төрт ірі зауытын жабу мүмкіндігін де қарастырып отыр. Бұл концерннің өз еліндегі өндірістік қуаттарды осындай ауқымда алғаш рет қысқартуы болуы ықтимал.

Қайта құрылымдау бағдарламасын директорлар кеңесі мен кәсіподақтардың қолдауы Volkswagen тап болған экономикалық қиындықтардың ауқымын көрсетеді. Компания бас директоры Оливер Блюме бұл шешім концерннің болашағына бағытталған маңызды белгі екенін айтты.

Volkswagen бірнеше фактордың қысымына тап болып отыр. Олардың қатарында АҚШ-тың кедендік тарифтері, электромобильдерге деген сұраныстың тұрақсыздығы және қытайлық автокөлік өндірушілерінің бәсекесінің күшеюі бар.

Volkswagen тобына Volkswagen-мен қатар Škoda, SEAT, Cupra, Audi, Bentley, Lamborghini, Ducati және Porsche брендтері кіреді. 

Айта кетелік Volkswagen Германиядағы төрт зауытын кезең-кезеңімен жабатын болды