Volkswagen Германиядағы төрт зауытын кезең-кезеңімен жабатын болды

АСТАНА. KAZINFORM – Германияның Volkswagen автоконцерні қатаң үнемдеу шаралары аясында елдегі төрт зауытта өндірісті тоқтату туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды WirtschaftsWoche журналы.

Фото: Volkswagen AG

Басылымның мәліметінше, Эмден мен Цвиккаудағы автомобиль өндірісі 2031 жылы, Ганноверде – 2032 жылы, ал Неккарзульмде – 2034 жылы тоқтатылуы тиіс.

WirtschaftsWoche қолына түскен «2026 жылғы 3-4 қыркүйектегі бақылау кеңесінің тұжырымдамалық шешімі туралы есеп» осы аптаның соңында бақылаушы орган қабылдайтын түпкілікті шешімге негіз болмақ. Құжатта Volkswagen тап болған күрделі жағдай сипатталған.

– Қолданыстағы бизнес-модельдер мен құрылымдар Volkswagen концернінің ұзақмерзімді бәсекеге қабілеттілігі мен табыстылығын қамтамасыз ету үшін енді жеткіліксіз, – делінген құжатта.

Сондай-ақ Volkswagen AG рейтингін және капитал тарту мен қайта қаржыландыруға байланысты шығындарды тұрақтандыру қажеттігі айтылған. Осыған байланысты концерн басқармасы бақылау кеңесіне ауқымды әрі түбегейлі қайта құрылымдау жоспарын бекітуді ұсынбақ.

Өндірісті шығыны төмен Чехия, Словакия және Польшадағы кәсіпорындарға көшіру жоспарланып отыр.

Басылым мәліметінше, Германиядағы зауыттар 2027 жылдың жазына дейін бір автомобиль өндіруге кететін шығынды қазіргі 6490 еуродан Еуропадағы орташа 2832 еуроға дейін төмендете алса, жабылмауы мүмкін. Алайда сарапшылар мұндай көрсеткішке қол жеткізуді шындыққа жанаспайды деп есептейді.

Бұған дейін Volkswagen басшысы Оливер Блюме қатаң үнемдеу шаралары аясында концерн басшылық қызметтердің төрттен бірін қысқартуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Көктемде ол жаңа стратегия әзірленіп жатқанын және шығындарды азайту саясаты айтарлықтай күшейтілетінін айтқан.

Содан бері ондаған мың жұмыс орны мен төрт зауыттың болашағы талқыланып келеді. Блюме бұған дейін айтылған 50 мың қызметкерді қысқарту көрсеткішін «мақсат» емес, шығындарды оңтайландырудан туындайтын «теориялық есептік көрсеткіш» деп атады. Оның шамамен жартысы Германияға, қалғаны концерннің әлемдегі 170-ке жуық бөлімшесіне тиесілі болуы мүмкін.

25 тамызда Bild басылымы Вольфсбургтегі концерннің бас зауытында өткен өндірістік жиында қызметкерлер Оливер Блюмені ысқырып қарсы алғанын хабарлады. Кейбір жұмысшылар концерн басшылығына наразылығын білдіретін плакаттар ұстап шыққан.

Айта кетейік, бұған дейін Volkswagen басшысы әлем бойынша 50 мыңға дейін жұмыс орны қысқартылатынын мәлімдеген еді

Ал оның алдында Volkswagen күн электр станциясына бір отар қойды «жұмысқа алғаны» көпшілікті таңдандырған-ды.