Компания қызметкерлерді қысқартуды әлеуметтік тұрғыдан барынша қолайлы жолмен жүзеге асыруды көздейді. Сонымен қатар жұмысшыларға мемлекет қолдау көрсететін арнайы жұмыспен қамту құрылымдарына ауысу мүмкіндігін ұсынбақ. Алайда IG Metall кәсіподағы бұл бастамаға үзілді-кесілді қарсы шығып, жыл соңынан бастап еңбек дауын күшейтуі мүмкін екенін ескертті.
Жұма күні өткен дағдарыс жөніндегі кездесуде тараптар ортақ келісімге келе алмады. Volkswagen қаржылық жағдайдың қиындауына байланысты еңбек шығындарын тез арада қысқарту қажеттігін алға тартты. Ал кәсіподақ басшылықты жұмыс орындары мен өндіріс орындарын сақтап қалу жөніндегі уәдесін орындаудың орнына, қысқартуларды одан әрі көбейтпек деп айыптады.
Volkswagen компаниясының кадр мәселелеріне жауапты басқарма мүшесі Арне Майсвинкель экономикалық жағдайдың нашарлауын жоспардың басты себебі ретінде атады.
– Уақыт жоғалтуға болмайды. 2024 жылы болашаққа қатысты жасалған ұжымдық келісімнен бері экономикалық жағдай күрт нашарлады, – деді ол.
Оның айтуынша, бұл шұғыл шара қабылдауды талап етеді.
Компания 2030 жылдың соңына дейін жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету туралы міндеттемесін сақтайтынын мәлімдеді.
Кәсіподақ жұмыс берушінің жоспарына қарсы
Қызметкерлерді арнайы жұмыспен қамту құрылымдарына ауыстыру туралы ұсыныс жаңа келіспеушілік туғызды. IG Metall кәсіподағы мұны ұжымдық келісім талаптарын бұзу әрі жеткілікті құқықтық негізі жоқ бастама деп бағалады. Кәсіподақ мұндай шаралар шығынды салық төлеушілердің есебінен өтеуге әкелуі мүмкін деп қауіптенеді.
Қыркүйек айының соңында Volkswagen 10 ұжымдық келісімді 2026 жылғы 31 желтоқсаннан бастап тоқтататынын хабарлаған еді. Бұл келісімдер жұмыс уақыты, еңбек демалысы және қосымша төлемдер сияқты мәселелерді реттейді. Өзгерістер Германиядағы шамамен 130 мың қызметкерге әсер етеді.
Кәсіподақ мұны жұмыс берушіге деген сенімге нұқсан келтіретін шешім деп санайды.
Кәсіпорынның жұмыс кеңесінің төрайымы Даниэла Кавалло компанияның бұл әрекетін «аса үлкен қорлау» деп атаған. Ал IG Metall кәсіподағының өңірлік жетекшісі Торстен Грёгер жағдайдың бұрын-соңды болмаған ауқымдағы еңбек дауына ұласуы мүмкін екенін ескертті.
Тараптар арасындағы ұжымдық келіссөздер 2026 жылғы 24 қарашада Эмден қаласында басталып, 15 желтоқсанда Цвиккауда жалғасады. Келіссөздерге байланысты еңбек дауын тоқтату міндеттемесінің мерзімі 31 желтоқсанда аяқталады. Осы уақытқа дейін келісімге қол жеткізілмесе, ескерту ереуілдері мен басқа да еңбек наразылықтары басталуы мүмкін.
Еске сала кетейік, Volkswagen қысқартуларға байланысты SEAT маркасынан бас тартуы мүмкін екенін жазғанбыз.
Ал жақында Volkswagen-нің әлем бойынша 100 мың жұмыс орнын қысқартқалы жатқаны белгілі болды.