Волонтер болу адамның болмысын қалай өзгертеді
БҰҰ 2026 жылды халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады. Елімізде еріктілердің басы Волонтерлердің бірыңғай платформасында біріккен. Біз еріктілерді шын бағалап жүрміз бе? Волонтер тәрбие құралы ма, әлде тегін жұмыс күші ме? Kazinform тілшісі саралап көрді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Волонтерлер жылы деп жариялап, бұл сала бірқалыпқа түсе бастады. Арада 5 жыл өтті. Қазір волонтерлердің бірыңғай платформасы бар. Ондағы статистикаға сүйенсек, елімізде 4 мыңнан астам волонтер бар.
Сонымен бірге бұл платформада 3820 ұйым біркелген. Кез келген адам «Волонтер болуға дайынсыз ба?» деген сауалдағы тіркелу тетігін басып, аты-жөнін, электронды поштасын жазады. Сөйтіп еріктілер қатарына қосылып, қоғамдық ұсыныс шарттарын қабылдайды. Қазіргі кезде өңірлер арасында Ақтөбе бірінші орында тұр.
Ақтөбе қайырымды аймақ бола алады — Әлішер Садық
«Жүректен жүрекке» еріктілер тобының жұмыс істеп келе жатқанына 10 жылдан асты. Топ далада қалғанға пана болар бастана сатып алды, салып берді, мүгедектігі бар адамдардың жанынан табылып, қолқабыс етті.
Тіпті былтыр су тасқыны кезінде ең тиімді көмек жолын ұсынды. Жетекшісі Әлішер Садық Ақтөбе қаласына қауіп төнгенде эвакуациялау жұмыстарына қатысты. Сөйтіп ел басына күн туғанда таски қызметкерлерін, қарапайым жүргізушілердің басын біріктіріп, тасымалдау қызметін ұйымдастырды.
Студент қыздар эвакуациялық бекеттің ішінде қолқабыс етсе, жігіттер жүк те тасыды. Ұтқыр шешім ел жадынды. Иә, Ақтөбе қайырымды өңір бола алады. Әлішер Садық қазір осы ойын іске асыруға бар күш-жігерін салып жүр. Бірақ жалғыздың үні әлі дұрыс естілмейді.
— Волонтер мен оның жұмысы соңғы 10-15 жылда қарқын алды. Менің ойымша сол 10-15 жыл бұрын, алғашқы жылдарында-ақ идеологияны дұрыс қалыптастыра алмадық. Алғашында еріктіні флэш-моб, түрлі форум, мәдени-спорттық шараға адам жинау үшін пайдаланды. Сөйтіп жүргенде адамдар еріктілерге немқұрайлы, тіпті аянышты кейіпте көз тікті. Бірақ әлемде болған пандемия, еліміздегі табиғи-техногенді апат, әлеуметтік мәселелер шешімі кезінде волонтерлердің шын мәнінде кім екені, қызметі анық көрінді. Халық толыққанды түсінбесе де көбі құрметпен қарайды, — деді Әлішер Садық.
Оның айтуынша волонтерлер жылында түбегейлі өзгеріс болмаса да бір саты ілгері басып, 8 бағыты анықталды.
«Сабақтастық», «Асыл мұра» деп ат таңылғанымен, оны жыл сайын өтетін конкурстық грантты бөлу кезінде ғана бір-бірінен ажыратты.
Көпшілік «Таза әлем» бағытын Экология, «Қамқорды» Қайырымдылық деген қалпынан танбады.
— Талай рет волонтерлік төлқұжат сұраған едік. Көп елдің тәжірибесін салыстырдық. Көрші Ресей елінде еріктілерге төлқұжат берілген. Бір артықшылығы оқуға түсер кезде қосымша балл береді, жұмысқа орналасқанда төлқұжат көрсетсе, басымдық беріледі. Біздің елімізде де сол төлқұжат берілген болса, бүгінде атқарылған жұмыс ауқымды, волонтер саны әлдеқайда көп болар еді. Халық волонтерді тегін жұмыс күші деп қарамайды. Көбіне мекеме басшылары солай қабылдайды. Көргеніміз, естігеніміз осы. Талай рет сөз таластырған жайымыз да бар. Біз ол кезден кеттік, өстік. Тынымсыз еңбектің нәтижесі бәрі, — деді ол.
Волонтерді қай кезде іздейміз? Басқа іс түскенде, қиналғанда. Бұл жасырын емес.
Ал волонтерлар үнемі байланыста болып, жергілікті жердегі проблемаларды бірігіп шешуге шақырады.
Себебі олар көп ішінде жүреді, сондықтан көп жайтқа қанық. Қажет десеңіз, шешімін іздеп тауып, ұсынады.
— «Ақтөбе қайырымды өңір» жобасын бастағанымызға 1 жыл толды. Ақтөбенің қайырымды қала, өңір екенін басқаларға танытсақ дейміз. Қолдау тапса Ақтөбенің өмір салтын өзгертер едік. Ауызбіршілігіміз артып, ұйыса түсер едік. Әл-Фарабидің «Қайырымды қала» трактаты негізге алып жасалды. Қайырымды қала қандай болуы керек, тұрғындары кім деген негізде жазылды. Оған бұл өңір лайық. Былтыр су тасқыны кезінде «Жүректен жүрекке» еріктілер тобы үлкен көмек берді. Автоволонтерлар, қыздар, ер балаларды бөлек-бөлек жұмылдырылып, жұмыс жүйеленді. Сол кезде көңіл елжірейтіндей сәттер болды. Ауызбіршілігі, ұйымшылығы, көмегін көріп, таңқалдық. Басқа облыстарда тіпті такси бағасын 2-3 есе қымбаттатып жіберді ғой. Салыстырып қарап, Қайырымды өңір деп атауға негіз боларлық концепциясы жасалды. Мәселен ай сайын Қарттар үйіне барып, ондағы қызмет алушыларды туған күнімен құттықтаймыз. Арасында 10-18 жыл бойы туған күнін елемеген, ешкім құттықтамаған жандар кезігеді. Бір күнде 500 баланың шашын алып, қайырымды жәрмеңке де ұйымдастырылды. Медиа мамандары, блогерлер, асабаларды да қосып, түрлі шара ұйымдастырылды. Мұның бәрін көпшілік біле бермейді, идеологиялық қолдау керек. Өңір үшін жанын салатын жастар бар. Тек қолдау төмендеу, — деді Әлішер Садық.
Аудан, ауылдар қамтылмай қалды — облыстық волонтерлер кеңесінің төрағасы
Ақтөбе облыстық волонтерлер кеңесінің төрағасы Нұрбек Жалғасбаев та 7 жылдан бері осы салада еңбек етіп жүр. Әсіресе пандемия кезінде ақтөбеліктерге көп көмек берді.
Оның айтуынша, өңірде 2020 жылы волонтерлер тобы көп ашылды. Бірақ оның аты бар да заты жоқ.
— Облыстың волонтерлер кеңесінде 27 топ бар. Бұл колледж бен мектепті қоспағандағы топ. Жастар ресурстық орталығы бізде 160 ұйым бар деп айтады. Бірақ біреуін де көрмедім. Мүшесі 5 мыңнан асады деп айтады, оларды да білмеймін. Ақтөбеде 40-тан астам коллелдж болса, олардың еріктілер тобы бар, жұмыс істейді. Волонтер ол — көмек қолын созатын адам. Кез келген сәтте көмектесуге дайын тұрады. Менің телефон нөмірім көп адамда бар, әлеуметтік желіден де хаттар келеді. Көбіне көпбалалы, жалғызбасты аналар хабарласып, жағдайын айтады. Олар пәтер ақысын төлеп беруді, азық-түлікті сұрайды. Қаржылай көмек бере алмайтын кезде «не істеп отырсыңдар, не үшін қор ашып отырсыңдар» деп ренжиді. Біз демеуші іздейміз, кәсіпкерлерден көмек сұраймыз. Екі араны байланыстырамыз, кеңестің де мақсаты сол, — деді Нұрбек Жалғасбаев.
Хат жазып, көмек сұраған отбасына волонтерлер барады. Кейін мән-жаймен танысып, жағдайды біледі.
Егер жұмыссыз болса, жергілікті әкімдіктегі жұмыспен қамту бөлімдерінен бос жұмыс орнын сұрайды.
Кейде көмек сұраған отбасында асыраушы ер азаматы болады. Мұндайда тек өзіне сеніп, өз күшімен отбасы асырау жолын сілтейді.
— Мектептегі тәрбие сағатты Волонтер сағаты деп өзгертуді ұсынамын. Сол кезде волонтер бағыттарының барлығы қамтылып, балаға жастайынан бойға, қанға сіңдіреміз. Табиғатты қорғауды, мұқтаждарға көмекті беруді білер еді. «Жақсылық жолында» жобасын бастап, мектептерді аралап жүрміз. Көбі білмейді. Әсіресе тентек балаларды қолдап, ертіп жүріп, өзгерткіміз келеді. Оның нәтиже берерін біз білеміз, жақсы жағынан өзгергенін көріп жүрміз, — деді ол.
Қазір волонтерлер алаяқ қайырымдылық қорларының зардабын тарта бастады. Сенім азайып, күдік күшейген.
— Ақшаны азық-түлікке жинаймыз, кәсіпкерлерден сұраймыз. Бірақ ресми қорлардың өзінен алаяқтық шыққанда бәрінде күдік көбейді. Сондықтан біз шақырып алып, кімге қандай көмек бергенімізді көрсетіп, дәлелдеп отырамыз. Өзіміз коворкинг орталықтарында, дәмханаларда бас қосып, сұрақтарды ортақ чаттарда талқылап отырамыз. Жергілікті әкімдіктен де адам шақырамыз. Олардан қатардағы қызметкер келіп, көбіне сұрағымыз ашық күйінде ғана қалады. Енді сөзіміз жүру үшін депутат болуы керек шығар. 2-3 жылдан бері ауданда волонтерлер кеңесін құрайық деп айтып келемін. Бірақ қозғалыс жоқ. Бізде сол аудан, ауыл қамтылмай қалып жатыр. Қазір жастар ресурстық орталықтарына осы жұмысты жүктеп қойған. Ал олардың өз жұмысы бар, көбіне ұмыт қалатыны содан, — деді Нұрбек Жалғасбаев.
Волонтерлік мектеп жұмысын бастады — Жастар ресурстық орталығы
Жастар ресурстық орталығы жастарға волонтер болуды, оның бағыттарын үйретіп жатыр. Семинар кезінде волонтерлер өз тәжірибесін бөлісті.
— Алғашқы медициналық көмек беру, әлеуметтік-қайырымдылық, құқықбұзушылықтың алдын алу, экология бағыттары қамтылды. Семинарға қатысушылар белсенді, бірақ бұрын-соңды еріктілер тобында болмаған жастар. Барлығы 50 белсенді 5 күн бойы тәжірибе жинады. Енді олар өңірде ұйымдастырылатын барлық шараға қатыса алады. Қыркүйек айында дәл осы жолмен жаңа топ келеді. Бұл жастар сол замандастарына жетекшілік етеді. Сол арқылы біз волонтерлер тізбегін жасаймыз, — дейді облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалин.
Былтыр Ақтөбе «Ең мейірімді аймақ» номинациясын иеленді. Биыл да «Игі істер марафонында» көш бастап тұр. Бүгінде 200-ден астам шара ұйымдастырған.
— Игі істердің бағыты бар. Ай сайын өткізілуі тиіс шара алдын ала айтылып, тапсырма түседі. Оның орындалуы туралы ақпарат береміз. Волонтер десе қар тазартатын, төтенше жағдай кезіндегі топ деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Оның бағыты әртүрлі. Мәселен туризм бағытындағы волонтер туған жердің тыныс-тіршілігін, табиғатын бір тиын алмай көрсетіп жүр. Өз қызығушылығы арқылы өз жерін насихаттады. Бұл дұрыс. Тек бәрі бірдей өз бағытын анықтамады. Бұл енді-енді қолға алынды. Тегін деп жұмсай беруге болмайды, ортаға, қоғамға үйрету керек, — деді Самғат Артығалин.
Оның айтуынша, кез келген адам көшеден келіп, волонтер едім деп айта алмайды. Арнайы сайтқа тіркеліп, бағытын айқындайды.
Тіркелсе, түрлі гранттарды ұтып алуға мүмкіндік бар. Самғат Артығалин ресми тіркелген волонтерлер тобының жетекшісі жұмысқа қабылданып кезде еңбек өтілі ретінде көрсете алатынын айтты.
Бірақ еріктілер бұл ойды жоққа шығарды. ЖРО басшысы өзгелермен бірге ақылы оқу орнында оқитын студенттің оқу ақысының белгілі бір бөлігін шегеру туралы ұсыныс айтылып жүргенін де жеткізді.
Волонтерлік — тәрбие құралы
Волонтер болып жүрген жастар, олармен байланыста отыратын мемлекеттік қызметшілердің осы ойды құптады. Олар еріктілер өзін де, замандастарын да тәрбиелей алатынына сенімді.
— Бұзақы, жат қылығымен танылған балалар да болады. Олар қатарға қосылғанда түбегейлі өзгереді. Тіпті балалар үйіне барып, мейірімге қанбай өскен баланы көріп, тәубесіне келді. Ата-анасына барып, жылап, кешірім де сұрады. Нан таба алмай отырған адамды көргенде шүкір етеді. Сондықтан мектеп жасынан бастап дамытқан абзал. Буллинг, суицид кездесіп жатады. Бұл сол жағымсыз оқиғаларды азайтады. Волонтер волонтердің жағасынан алды дегенді қайдан естідік? Естімедік мүлде. Үйімнің жанында мектеп бар. Ауласы кейде шашылып жатады. Сол мектепте волонтерлер тобы болса, балаларға сол мектептің айналасын жүктесе, жауапкершілігі артар еді. Қыста қар күрейтін адам таппайды ғой. Жалғызбасты қарияларға сол маңдағы мектеп балалары көмектессе, жақсы емес пе? — дейді Әлішер Садық.
Айта кетейік, 2026 жылы ТМД волонтерлер форумы Қазақстанда өтеді. Бұл туралы Алматыда өткен Сыртқы істер министрлері кеңесінде белгілі болды.
Елімізде волонтерлік қызметті есепке алу тізілімін жүргізу жөніндегі қағидалар жаңартылмақ. Мәдениет және ақпарат министрінің тиісті бұйрығы электронды нысандағы нормативтік құқықтық актілердің эталонды бақылау банкінде жария етілді.