Волонтерлер 3,5 мың тоннаға жуық гуманитарлық көмек жинады

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Су тасқынынан зардап шеккендер үшін еліміздің 16 аймағында гуманитарлық көмек жинау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы «Ұлттық волонтерлік желі» мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл департамент басшысы Айбек Досымбетов айтып берді.

Еліміздің 20 облысында өңірлік волонтерлер фронт-офистері базасында колл-орталықтар құрылды. Бірыңғай байланыс орталығы да (+7 708 706 4242) зардап шеккендерге көмек көрсетуді және жалпы үйлестіруге арналған. Онда күн сайын негізінен Алматы, Астана, Ақтөбе, Орал, Қостанай және Атырау қалаларынан 100-ге жуық қоңырау келіп түседі.

«ТЖ кезінде арнайы гуманитарлық көмек жинау бағыты бойынша алгоритм анықталған болатын. Ол бойынша еліміздің 16 аймағында гуманитарлық көмек жинау жұмыстары жүруде. Бүгінгі таңда ел бойынша 3,5 мың тоннаға жуық гуманитарлық көмек жиналып, оның 2,5 мың тоннадан астамы зардап шеккен елді мекендерге жіберілді», - деді спикер Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингіде.

Оның айтуынша, волонтерлер ТЖ қызметкерлеріне көмектеседі, тамақтануды ұйымдастырып, эвакуацияланған тұрғындардың жататын орындарының жабдықталуы, оларға қажетті жылы киімдер, гигиеналық заттар секілді мәселелермен айналысады.

«Қазір су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға 35 мыңға жуық волонтер тартылды. Ақтөбе облысында 8600, Атырау облысында 9 мыңнан астам, Батыс Қазақстан облысында 5 мыңға жуық, Қостанай облысында үш мыңнан астам және Солтүстік Қазақстан облысында 1600 астам ерікті волонтерлік қызмет атқаруда», - деді А.Досымбетов.