Волонтерлер жабырқағанның жанынан табылып жүр - Сағатбек Қуанышбайұлы

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада «Қамқор» еріктілер штабы жергілікті мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, тұрмысы төмен отбасыларға қол ұшын созып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еріктілер штабы биылғы жылы құрылған. Қысқа уақыт болса да олар көптеген игілікті істерге ұйытқы болып үлгерді. Еріктілер қатарында жастардың саны басым. Штаб жетекшісі Сағатбек Қуанышбайұлының айтуынша, алғашқы кезде оған қатысуға ниет білдірген азаматтарға іріктеу жүргізілген. Сол кезде жастардың саны көп болғанын байқайды. Осылайша еріктілер өздерінің жұмыстарын бастап кетті. Алғашқы екі айдың өзінде тұрмысы төмен қаншама отбасы мен мүмкіндігі шектеулі азамат олардың қолдауына ие болды.

«Мемлекет басшысы биыл Еріктілер жылы ретінде жариялады. Бұл өте дұрыс шешім болды деп санаймын. Халқымыз қашаннан да жабырқағанның жанынан табылып, еңсесі түскенді қолтықтан демей білді. Асар әдісімен талай адам баспанаға ие болса, жылу жинау арқылы қиындыққа кезіккен жандар елдің қамқорлығын көрді. Қазіргі күні біз секілді еріктілер сондай жанашыр көңілмен талай адамға қол ұшын созып келеді. Олардың қатарында жастардың басым болуы мені қуантады. Атадан жеткен асыл қасиет бүгінгі буынның бойында тағы бір мәрте жарқырап, ол ұрпақтан ұрпаққа жалғаса береді деген сенімдемін», - деді Сағатбек.

Сағатбектің өзі 2016 жылдан бері осындай қайырымдылық шараларымен айналысып келеді. Өзінің идеясымен алдымен «Жылы жүректі жастар» тобын құрған болатын. Оған 25-ке жуық жастар ерікті болып қабылданған.

«Алда жоспарымыз көп. Қауіпті індеттің беті қайтқаннан кейін ойға алған жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Біздің штабтың атауына орай бұрынғысынша жабырқағанның жанынан табылып, қол ұшын созу ісін жалғастыра беретін боламыз. Біз бүгінгі күнге дейін мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бейімдеу орталығында арнайы шара өткізген едік. Сондай-ақ, тұрмысы төмен отбасыларға қамқорлық жасадық. Енді сол жұмыстар аясын кеңейте түсуді көздеп отырмыз. Осындай иілікті істер Қасиетті Рамазан айында да жүзеге асырылуда. Оған қоса балаларға арналған іс-шараларды көбейтуге көңіл бөлетін боламыз. Жоғары оқу орындары, колледждер мен мектептерде еріктілер клубын дамытуға мән бермекпіз. Сол арқылы жастар арасында тәрбие жұмыстарын жүргізуге жол ашылады. Жалпы, біреуге көмек беру үшін асып-тасқан бай болу міндетті емес. Әрбір азаматтың жүрегінде жанашырлық сезімі болса жетіп жатыр», - деді Сағатбек.