Волонтерлік қызмет конституциялық деңгейде бекітіледі – Конституциялық комиссия
АСТАНА. KAZINFORM – Волонтерлік қызмет конституциялық деңгейде бекітіледі. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның Х отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов айтты.
- Өткен отырыста әріптестеріміз нақты ұсыныстар енгізген болатын. Сонымен қатар азаматтар мен ұйымдардан, ғалымдар мен заңгерлер қауымдастығынан бірқатар жолданым келіп түсті. Олар шын мәнде маңызды мәселелерге қатысты. Осыған байланыста Конституция жобасына жаңа нормалар қосымша қарастырылды. Қазақстанда волонтерлік қозғалыс белсенді дамып келеді. Комиссия мүшелері және волонтерлік ұйымдар елдің шынайы патриоттары, жасампаз әрі өзекті мәселерге бей-жай қарамайтын жастар қоғам игілігі үшін еңбек етіп жатқанына назар аударды. Биыл бүкіл әлемде Бұқаралық волонтерлер жылы ретінде аталып өтуде. Өздеріңізге белгілі, бұл бастаманы Мемлекет басшысы БҰҰ Бас ассамблясының 75-сессиясында жария еткен болатын, - деді ол.
Оның айтуынша, комисия қарауына волонтерлік қызметті конституциялық деңгейде бекіту туралы ұсыныстар түскен. «Волонтерлік қызмет туралы» Заңды және азаматтардың ақысыз, ерікті көмегінің мұқтаж адамдарға қажеттігін, қоршаған ортаны қорғаудағы маңызын ескер отырып, бұл ұсыныс қолдау тапты.
- Жобаның 31-бабының 2-тармағына «Қазақстан Республикасында ерікті әлеуметтік сақтандыру, өзге де қамсыздандыру түрлері, волонтерлік қызмет пен қайырылымдылық қолдау табады» деген толықтыру енгізілді. Бастамашылырдың піпікірінше, бұл идея жобаның басқа ережелерін, әсіресе Преамбуланы және Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарын қисынды түрде толықтырады. Олардың қатарына жауапты әрі жасампаздық, отаншылдық идеясын ілгерілету, қоғамдық диалогты дамыту, еңбек сүйгіштік құндылықтарын бекіту, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру және басқалары бар, - деді Бақыт Нұрмұханов.
Айта кетейік, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның IX отырысы 7 ақпан күні өтті. Онда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин неліктен жаңа Конституция қабылдау қажет екенін түсіндірді.