Оның сөзіне қарағанда, Чехия тарапы Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі саяси және экономикалық серіктес ретінде қарастырады.
Сонымен қатар ол былтыр наурыз айында ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Чехияға сапармен барғанын еске салды. Ал биыл қазан айында Чехия Республикасы Парламенті депутаттар палатасының төрағасы Радек Вондрачектің Қазақстанға ресми сапары жоспарланып отыр.
«Парламентаралық байланыстардың тетіктері өте маңызды деп санаймын. Себебі бұл бағыттағы ынтымақтастық лаңкестік, экстремизм секілді жаһандық сын-тегеуріндер мен қатерлерге қарсы тұруға керек. Көпжақты парламентаралық ынтымақтастық мемлекет пен халық арасында өзара түсіністікті қамтып, диалог үшін қолайлы жағдай жасайды. Осыған байланысты халықаралық әрі өңірлік тұрақтылықтың жаһандық орнықты дамуы үшін қолайлы жағдайларды құру мақсатында көпелдік ынтымақтастықтың маңыздылығын мойындай аламыз», - деді В. Филип.
Айта кетейік, бүгін елордада Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV Кеңесінде Түркия Республикасының Ұлы Ұлттық Жиналысының Спикері Мұстафа Шентоп парламенттік дипломатияны дамыту тақырыбын көтерді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елордадағы Тәуелсіздік сарайында «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» тақырыбында Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV Кеңесі жұмысын бастады.
Форум жұмысына Еуропа мен Азияның 65 елінің парламенттері делегациялары, 14 халықаралық парламенттік ұйым өкілдері қатысуда. Олардың қатарында ЕҚЫҰ мен ҰҚШҰ парламенттік ассамблеялары, Парламентаралық одақ, Азия парламенттік ассамблеясы, Халықтың қоныстануы және дамуы жөніндегі парламентарийлердің Азиялық форумы, Еуропалық парламент, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі, Ислам ынтымақтастық ұйымы парламенттік одағы, ТМД ПАА, ШЫҰ сынды ұйымдар бар.