«Вуэльта Валенсия»: «Астана» велошабандозы жалпы есепте көш бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» велокомандасы 2019 жылғы алғашқы еуропалық жарысын сәтті аяқтап, жаңа маусымда дебюттік жеңіске қол жеткізді. Испаниядағы «Вуэльта Валенсия» көпкүндік жарысында қазақстандық командадан бірден екі велошабандоз ақтық сынға өткен: Йон Исагирре жарыстың жеңімпазы деп танылса, Пельо Бильбао үшінші орынға ие болды, деп хабарлайды olympic.kz.

Бұдан бөлек, қазақстандық команда Испаниядағы көпкүндікте жалпыкомандалық жіктелімде жеңіске жеткен.

«Вуэльта Валенсияның» 5-ші кезеңі 88 шақырымға созылды. Голландиялық велошабандоз Дилан Груневеген норвегиялық Александр Кристофф пен италиялық Маттео Трентинаның басып озып, кезеңнің жеңімпазы атанды. «Астана» спортшысы Магнус Корт ақтық мәреге 15-ші болып жетті.

«Вуэльта Валенсияның» қорытынды нәтижесі мынадай: бірінші орын - Йон Исагирре, екінші орын - Алехандро Вальверде ( 0.07), үшінші орын - Пельо Бильбао ( 0.07).