Вячеслав су қоймасында жоғалып кеткен азаматтарды іздестіру жұмыстары жалғасуда - ТЖМ

АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Вячеслав су қоймасында жоғалып кеткен азаматтарды іздестіру жұмыстары жалғасуда.

Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Төтенше жағжайлар министрлігінің Апатты құтқару қызметінің өкілі, майор Алексей Советов мәлім етті.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылғы 20 қараша күні еліміздің бірқатар ақпарат құралдары Астананың 3 тұрғыны Вячеслав су қоймасында балық аулауға шығып, содан оралмағандығын жариялаған болатын. Оларды іздестіру жұмыстары әзірге ешқандай нәтиже бермей отыр. Бірақ іздестіру шаралары әлі жалғасуда.

А.Советовтың сөзіне қарағанда, іздестіру жұмыстарының алғашқы 9 күнінде төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері жоғалғандары су астынан да іздеген. Сондай-ақ екі күн бойы тікұшақпен судың бетінен іздеу шаралары ұйымдастырылды. «Іздеу шараларының қиын болып отырған себебі жоғалған азаматтардың қай аймаққа кеткендігін ешкім де айтып бере алмай отыр. Егер олардың ең құрығанда қай бағытқа кеткендігі анықталғанда іздеу жұмыстары баяғыда-ақ аяқталар еді. Ал олардың баруы ықтимал аймақтардан ештеңе табылмады», дейді төтенше жағдайлар саласының өкілі.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың 11 айында еліміздің су қоймаларында 625 адам зардап шегіп, олардың 622-і мерт болды. Ал 2009 жылдың сәйкес мерзмінде 470 адам зардап шегіп, 451 адам көз жұмған болатын.