Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) спортшының допинг сынамасының бір миллилитрінде бір микрограммға жетпейтін көлемде мельдонии (милдронат) болуына рұқсат етілетінін айтты.
Допинг сынамаларының бір миллилитрінен 1-ден 15 микрограммға дейінгі мөлшерде мельдоний табылған спортшыларға қатысты тергеу жалғасады. Сондай-ақ, 2016 жылы 1 наурыздан кейін алынған допинг сынамалардың бір миллилитрінен 1 микрограммға жетпейтін көлемде аталған зат концентрациясы болса да, ол спортшыларды тергеу жалғасады.
WADA пікірінше, бұл дәрі спортшылардың төзімділігін арттырады. Сонымен қатар мамандар милдронаттың тиімділігі клиникалық зерттеулер арқылы расталмайтынын айтты. WADA хабарлағандай, ағымдағы жылдың басынан түрлі елдердің 99 спортшысынан допинг сынамаларынан мельдоний табылды, деп жазады Би-би-си.
Наурыз айының басында Лос-Анджелестегі баспасөз мәслихатында ресейлік теннисші Мария Шарапова қаңтар айында Австралияның Үлкен дулыға сынында допинг сынағынан өтпегенін мәлімдеген еді. Осыдан соң әлемнің ірі-ірі компаниялары бұл спортшымен келісім шарттарын үзе бастаған болатын.