WBA басшылығы Астанаға Бейбіт Шүменовтің титулдық жекпе-жегіне келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Бейбіт Шүменовтің Астанадағы бокс кешіне келетін ресми тұлғалардың тізімі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске салайық, 7 шілде күні елордада кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменов WBA-дің бірінші ауыр салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін түркиялық Хизни Алтынкаямен  қолғап түйістіреді.  

Бейбіт Шүменовтың PR-менеджері хабарлағандай, кештің құрметті қонақтары ретінде WBA-дің барлық басшылығы - ұйым президенті  Жилберто Хесус Мендоса, вице-президент Хосе Оливер, ұйым директорлары - Джордже Мартинес, Карлос Чавес, Мариана Борисова Астанаға келеді. WBA атынан рингтегі рефери Тони Уикс болады, төрешілер - Лешек Янковяк, Стефано Карозза, Равел Кардини. Кешті Майк Маркхам жүргізеді (ring annоuncer).

Сондай-ақ елордаға WBA-дің PR-қызметі, телепродюсерлері мен бапкерлер құрамы келеді.

WBA Директорлар кеңесінің отырысы өтетіні жоспарланған.

Бұған дейін қазақстандық боксшы әлем чемпионы атағын жеңіп алған болатын, бірақ жарақатына байланысты бокстан қол үзуіне тура келген. Қазір Шүменов Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының рейтингінде - екінші, ал оның қарсыласы Алтынкая үшінші орында тұр.

Сондай-ақ, бокс кешінде АҚШ-тан шақырылған арнайы қонақтар - 50 Cent пен Snoop Dogg ән шырқайды.

«Барыс Арена» мұз сарайында өтетін бокс кеші аясында 11 кездесу болады. Оның сегізін «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирден көрсетеді. Тікелей көрсетілім 7 шілде күні 14:00-де басталады.