WBC гран-при турнирі: Жолдас Жеңісов екінші кезеңге жолдама алды

Фото: Фото: instagram.com/zholdaszhenisov

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жолдас Жеңісов (9-0, 4КО) Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) алғаш рет ұйымдастырып отырған «The Riyadh Season WBC Boxing Grand Prix» турнирінде алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласында өтіп жатқан бокс кешінде, жеңіл салмақта екі қазақстандық боксшы шаршы алаңға шықты

Жолдас Жеңісов испаниялық боксшы Эль Язид Эззайданимен (6-1, 4КО) шеберлік байқасты. Қорытындысында, отандасымыз қарсыласын екінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.

Тағы бір қазақстандық Александр Ковригин (8-1, 6КО) америкалық Трой Нашпен (4-0, 1КО) 6 раунд бойы жұдырықтасып, төрешілер шешімімен жеңіліс тапты, есеп 55:58/57:56/54:58.

Еске салайық, «The RiyadhSeason WBC Boxing Grand Prix» турнирі Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласында 17 сәуірде басталып, 20 желтоқсан күні өз мәресіне жетеді. Алғашқы кезең 17-20 сәуір аралығында өтеді деп жоспарланып отыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, гран-при жеңіл салмақ, бірінші орта салмақ, орта және ауыр салмақ сынды 4 салмақ категориясы бойынша өтеді. Оған әлемнің 41 елінен келген 128 боксшы қатысады деп жоспарланып отыр. 

Айта кетерлігі, қатысушылар тізімі арасында 5 қазақстандық спортшы бар.