WBC президенті: Мэнни Пакьяо мен Флойд Мэйвезердің реванштық жұдырықтасуы мүмкін емес

АСТАНА. ҚазАқпарат - Филиппиндік боксшы Мэнни Пакьяо мен американдық Флойд Мэйвезердің реванштық жұдырықтасуы мүмкін емес. Бұл пікірді жекпе-жек кездесуден кейін Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) президенті мексикалық Хосе Сулейман мәлім етті.

Көпшілік «ғасыр жекпе-жегі» деп атаған 12 раундтық кездесу Лас-Вегасте (АҚШ, Невада штаты) MGM Grand қонақ үйінің аренасында өтті. Ұпай бойынша американдық боксшы жеңіске жетті. Үш төреші де 118:110, 116:112, 116:112 есебімен Мэйвезерді үздік деп тапты, деп хабарлады ТАСС.

"Олардың қайта кездесуі мүмкін деп ойламаймын. Мэйвезер еш даусыз жеңіске жетті", - деп атап өтті бокс саласындағы төрт беделді ұйымның бірінің басшысы.

Бұрынғы әлем чемпионы британиялық Амир Ханның пікірінше, Мэнни Пакьяо Флойд Мэйвезерге қарағанда баяу қозғалып, оның шалт әрекеттеріне дайын болмағандықтан, жеңілді.

"Флойд жеңімпаз атануға лайықты, - деді Хан. - Мэнни шапшаңдық таныта алмады. Ол Флойдпен кездесуге дұрыс дайындалмады деп ойлаймын".