WBO экс-чемпионы Головкинмен жекпе-жек өткізгісі келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Орта салмақта WBO нұсқасы бойынша бұрынғы әлем чемпионы Энди Ли (35-3-1, 24 КО) Геннадий Головкинмен (37-0-1, 33 КО) жұдырықтасқысы келеді. Бұл жайлы Sports.kz хабарлайды.

«Мен әзірге спорттық мансабымды аяқтау ойымда жоқ. Әлі де жұдырықтасқым келеді, бірақ жекпе-жекке дұрыс қарсылас табу керек. Өзім дәлелдейтін ештеңе қалған жоқ, сондықтан чемпионға қарсы айқасқа шыққым келеді. Мен әлі де орта салмақтағы әлем үздіктерінің бірімін. Қандай жекпе-жек ұйымдастыра алатынымызды алдағы уақытта көреміз. Меніңше, Джейкобсқа қарсы жекпе-жекті ұйымдастыру оңай. Орта салмақтағы үздіктерді санап көрсету үшін бір қолдың саусақтары да жетеді: Билли Джо Сондерс пен Давид Лемье, Геннадий Головкин мен Сауль Альварес, сосын Дэнни Джейкобс. Менің есімім - осы тізімде алтыншы. Осылардың бірімен жұдырықтасқым келеді», - деді Ли iFL TV-ге берген сұхбатында.

Айта кетейік, Энди Ли бұған дейін Головкин тарапынан ұсыныс болса, ойланбастан келісетінін айтқан болатын. Ирландиялық боксшы соңғы жекпе-жегін наурыз айында Нью-Йоркте өткізіп, төрешілердің шешімімен америкалық Кеандре Лизервудты (20-5-1, 13 КО) жеңген еді.