WhatsApp ата-ана бақылауын күшейтеді: қандай функциялар пайда болады

АСТАНА. KAZINFORM — WhatsApp жасөспірімдердің қауіпсіздігін қадағалауға арналған ата-ана мүмкіндіктерін кеңейтпек. Жаңа баптаулар ата-аналарға баласының жеке деректерін қорғауға қатысты кейбір параметрлерін басқаруға және оның белгілі бір әрекеттері туралы хабарлама алып отыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды BBC.

Фото: evrensel.net

Жасөспірім қандай да бір топқа қосылса немесе одан шықса, бұл туралы ата-анасына хабарлама келеді. Сонымен қатар олар баласының WhatsApp-тағы жеке парақшасына қатысты бірқатар баптауды өздері реттей алады.

Бұл ретте жасөспірімнің жеке хат-хабарына ата-анасы қол жеткізе алмайды. Олар баласының кімге жазғанын, қандай хабарлама жіберіп не алғанын және кіммен сөйлескенін көрмейді. Бұл ақпарат құпия түрде қорғалып, арнайы қауіпсіздік жүйесі арқылы сақталады.

Жаңа мүмкіндіктерді әр отбасы өз қалауына қарай пайдаланады. Ата-аналар баптауларды кез келген уақытта өзгертіп, қажет болса, бұл мүмкіндіктерді толық өшіре алады.

Бұл баптауларды басқару үшін ата-ана арнайы PIN-код орнатады. Егер жасөспірім қойылған шектеулерді өз бетінше алып тастауға әрекет етсе, сол кодты енгізуі қажет болады.

Ата-ана жасөспірімнің профиль суретін кімдер көре алатынын және оны топқа кімдер қоса алатынын да шектей алады. Сондай-ақ балаға WhatsApp-тағы арналарды пайдалануға рұқсат беруді немесе шектеуді ата-ана өзі шешеді. Арналарда ұйымдар мен қоғам белсенділері түрлі ақпарат пен контент жариялайды.

Жаңартуда WhatsApp-қа кіріктірілген Meta AI көмекшісіне де өзгеріс енгізіледі. Ата-ана «13 » стандартты режимін таңдай алады немесе мазмұны қатаңырақ сүзгіден өтетін «Шектеулі контент» режимін іске қоса алады.

WhatsApp өкілдері жаңа мүмкіндіктер ата-ана мен жасөспірім арасында мессенджерді пайдалану жөнінде ашық әңгіме қалыптастырып, жеке хат-хабардың сырт көзге жария болмауын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

Әлеуметтік желілер сарапшысы Мэтт Наварра аталған баптауларды ата-аналар өз еркімен қосатынына назар аударды. Оның пікірінше, мұндай жағдайда Meta қолданушылардың жасын анықтау жауапкершілігінен біршама босап, жасөспірімдердің қауіпсіздігіне қатысты міндеттің бір бөлігін отбасына жүктеуі мүмкін.

Наварра ата-аналардың бұл мүмкіндіктерді қаншалықты жиі пайдаланатыны әзірге белгісіз екенін де атап өтті.

Бұл өзгеріс технологиялық компанияларға балалардың қауіпсіздігін күшейту талабы артып отырған тұста енгізіліп отыр. Үкіметтер мен реттеуші органдар цифрлық платформаларда балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етіп келеді.

Бұған дейін WhatsApp 13 жасқа дейінгі балалар үшін шектеулі функционалды арнайы аккаунттарды іске қосатынын хабарлаған болатынбыз. Ата-аналар мен қамқоршылар баламен кімдердің байланыса алатынын және оның қандай топтарға қосыла алатынын бақылай алады.