ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында алаяқтық деректері 11 пайызға артып отыр. Бұл туралы БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Анықталғандай, алаяқтықтың артуына әлеуметтік желіде жалған хабарландыру беру жолымен жасалған қылмыстар әсер етуде. Олар жалпы алаяқтықтың 28 пайызын құрауда. Мысалы, 18 жастағы бойжеткен Instagram әлеуметтік желісінде ұялы телефондары көрсетілген адамдарды тауып, оларға WhatsApp арқылы балалар киімдерінің жалған жарнамаларын жолдап келген. Ал тауарды сатып алу үшін ақша қаражаттарын QIWI-әмияны арқылы төлеуді ұсынған. 100 пайыз төлемді алғаннан кейін тапсырыс берушілермен байланысты үзіп отырған. Алаяқтың қарамағына қаланың 30 тұрғыны ілігіп, оларға 500 мыңнан астам теңге материалдық залал келтірілді.
Сол секілді кейбіреулердің сенгіштігі салдарынан карточкасы туралы мәліметтерді қылмыскерлерге беріп, олардың банкомат арқылы ақша қаражаттарын шешіп алуы арқылы жасалған қылмыс та кең таралып отыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).