Wi-Fi тарихы: Қазақстанның цифрлық жолы қалай қалыптасты

АСТАНА. KAZINFORM — 20 маусым — Халықаралық Wi-Fi күні. Атаулы күнге орай Kazinform тілшісі сымсыз интернеттің кең қолданысқа енуі қазақстандықтардың өмір салтын қалай өзгерткенін зерттеп көрді.

Коллаж: Kazinform/ЖИ

Қазнеттің қалыптасу кезеңі

Қазақстандағы интернет тарихы 1994 жылдан бастау алады. Дәл сол жылы еліміздің kz ұлттық домені тіркеліп, Қазнеттің негізі қаланды.

Кейін 1990 жылдардың соңына қарай «Қазақтелеком» елдің цифрлық инфрақұрылымын дамытуды қолға алып, 18 қалада 34 байланыс торабын іске қосты. Бұл жобаға шамамен 8 млн доллар жұмсады.

Фото: ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі

Дегенмен, сол кездегі интернет бүгінгідей көпшілікке қолжетімді болған жоқ. Интернетке телефон желісі арқылы қосылу керек болды, модемдер баяу жұмыс істеді, ал қызмет құны өте қымбат еді. Алғашқы пайдаланушылардың айтуынша, желіге қосылу үшін айына бірнеше жүз доллар төлеуге тура келген. Осылайша, 2000 жылдардың басында интернет халықтың шамамен 10 пайызына ғана қолжетімді болды. Сол жылдары компьютердің өзі қат дүние саналса, интернет көпшілік үшін беймәлім әлем болатын.

Осындай кезеңде компьютерлік клубтар мен интернет-кафелер ерекше әлеуметтік құбылысқа айналды. Қазақстанның әр қаласында олар жастардың бас қосатын, жаңа технологиямен танысатын орталықтардың бірі болды.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Компьютерлік клубтар кейін смартфон атқарған көптеген функцияны сол кезде орындады: ол әрі кітапхана, әрі қарым-қатынас алаңы, әрі пошта қызметінің баламасы болды. Жастар мұнда рефераттарын дайындауға, ICQ арқылы достарымен сөйлесуге, музыка жүктеуге мүмкіндік алды.

2000 жылдардың ортасына қарай ірі қалаларда компьютерлік клубтардың орнын үйдегі ADSL интернет баса бастады. Ал 2010 жылға қарай олардың басым бөлігі тек ойын-сауық орындарына айналып, үйдегі және мобильді интернеттің кең таралуына байланысты біртіндеп өз маңызын жоғалтты.

Wi-Fi дәуірінің басталуы

Қазақстандағы алғашқы Wi-Fi нүктелері 2000-жылдардың басында пайда болды. Олар әуелі бизнес-орталықтарда, Алматы мен Астанадағы ірі қонақүйлерде, әуежайларда орнатылды. Ол кезде Wi-Fi көпшілікке арналған қызметтен гөрі, іскер адамдардың жұмыс құралы ретінде қабылданды.

Фото: ans.kz

Үйдегі Wi-Fi 2008–2012 жылдары жаппай қолданысқа ене бастады. Бұған интернет-провайдерлердің қосылу қызметімен бірге роутерлерді ұсына бастауы әсер етті. Сол кезеңде роутер нарығы қарқынды өсіп, әр отбасының үйінде сымсыз желі пайда болды.

Қазақстандықтар үшін бұл интернетті пайдаланудың жаңа кезеңі еді. Енді адамдар желіге қосылу үшін компьютердің алдында отыруға мәжбүр болған жоқ, диванда отырып-ақ интернетке кіріп, кез келген бөлмеден байланысқа шығуға мүмкіндік туды. Сөйтіп, жаңа технологиямен бірге жаңа әдеттер де қалыптаса бастады.

Фото: Anadolu

Қазақстандағы интернет тарихын «Қазақтелекомды» атамай айту мүмкін емес. Ұзақ жылдар бойы бұл компания нарықтағы негізгі ойыншы, тіпті монополист болды. Алайда жағдай мобильді операторлардың белсенді дамуы арқылы өзгере бастады. Мобильді байланыс саласында бәсеке бұрынғыдан да күшейді. Нәтижесінде интернет бағасы арзандап, желі қамтитын аумақ ұлғайды. Осы кезеңде мемлекет те цифрландыру бағытындағы бағдарламаларды қолға алды. Алдымен «Ақпараттық Қазақстан — 2020», кейін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламалары іске қосылды. Негізгі мақсат — аумағы жөнінен әлемде тоғызыншы орында тұрған Қазақстанды заманауи цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланатын елдердің қатарына қосу еді.

Коллаж: Kazinform / Freepik / Pixabay

2022 жылы Қазақстанда интернет қолданушылар саны айтарлықтай артты: ел тұрғындарының 89,2 пайызы, яғни 17,3 млн адам желіге қосылды. 2024 жылға қарай бұл көрсеткіш 90–91 пайызға жетті. Осылайша, Қазақстан қысқа уақыт ішінде үлкен цифрлық өзгерісті бастан өткеріп, «цифрлық серпіліс» жасады.

Күнделікті өмір қалай өзгерді

Интернет пен смартфонның кең таралуы адамдардың өмір сүру салтын айтарлықтай өзгертті. Бүгінде қазақстандықтар жылдам қызмет алуға, кез келген ақпаратты бір сәтте табуға және көптеген мәселені онлайн шешуге дағдыланды.

Қазақстан қазір цифрлық мемлекеттік қызметтерді дамыту бағытында алдыңғы қатарлы елдердің біріне айналды. БҰҰ рейтингінде еліміз электронды үкіметті дамыту деңгейі бойынша 193 мемлекеттің арасында 24-орында тұр. Ал онлайн қызмет көрсету индексінде 10-орынды иеленіп, бірқатар Еуропа елдерінен жоғары көрсеткішке ие болды. Қазір азаматтар eGov Mobile қосымшасы арқылы түрлі анықтама алып, кәсіп ашып, жүргізуші куәлігін ауыстырып, әлеуметтік төлемдерге өтініш беріп, салық декларациясын тапсыра алады.

Фото: eGov

Банк саласы да бұл өзгерістен тыс қалмады. Соңғы жылдары қазақстандық банктер мобильді қосымшаларын дамытып, оларды күнделікті қажеттінің бәрін қамтитын цифрлық алаңға айналдырды. Бұрын банкке барып жасайтын көптеген қызмет бүгінде смартфон арқылы бірнеше секундта орындалады: ақша аудару, төлем жасау, несие рәсімдеу, тауар сатып алу немесе мемлекеттік қызметтерді пайдалану әлдеқайда жеңілдеді.

Бұл өзгерістер азаматтардың күнделікті әдетіне де әсер етті. Қолма-қол ақшасыз төлем жасау бүгінде тек ірі сауда орындарында ғана емес, шағын дүкендерде, дәмханаларда, тіпті базарларда да қалыпты жағдайға айналды.

Фото: Kazinform

Ресми статистикаға сәйкес, Қазақстандағы электронды сауда нарығының көлемі 2024 жылы 3 трлн теңгеден асты. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда шамамен бес есе көп. Осы кезеңде онлайн жасалған операциялар саны 25 млн-нан 162 млн-ға дейін өсті.

Тамаққа тапсырыс беру, такси шақыру сияқты бүгінде үйреншікті қызметтердің артында да сымсыз интернеттің мүмкіндігі тұр. Күнделікті өмірде қалыпты құбылысқа айналған бұл қызметтердің барлығы тұрақты интернет пен Wi-Fi желісінің дамуының арқасында мүмкін болды.

Шекаралар жойылған дәуір

Бүгінде көптеген қазақстандық шетелде еңбек етеді: Ресейде, Оңтүстік Кореяда, Парсы шығанағы елдерінде. Бұрын жақындарымен хабарласу үшін роуминг арқылы қоңырау шалу қымбат әрі қысқа әңгімемен шектелетін. Ал қазір WhatsApp пен Telegram арқылы сағаттап сөйлесіп, балаларының жүзін көріп, туған күндеріне экран арқылы болса да бірге қатысуға мүмкіндік бар. Әуежайларда, сауда орталықтарында және қоғамдық орындардағы Wi-Fi бұл байланысты одан әрі жеңілдетті.

Коллаж: Kazinform/Nano Banana

Дәстүрлі теледидар да біртіндеп көрерменін жоғалтып келеді. Бүгінде YouTube Қазақстандағы 12 млн қолданушыны қамтиды. Ал TikTok алгоритмдері контент тұтынудың жаңа мәдениетін қалыптастырды. Бүгінде заманауи теледидар мен Wi-Fi адамның қалаған дүниесін кез келген уақытта көруіне мүмкіндік береді.

Фото: x.com/@IndiaToday

Қазақстандағы YouTube қауымдастығы да соңғы жылдары айтарлықтай өсті. Бүгінде блогерлер миллиондаған көрерменге ие болып, қоғамдағы трендтерге ықпал ететін күшке айналды. Мұндай мүмкіндікті кең жолақты интернет пен үйдегі Wi-Fi желісі қамтамасыз етіп отыр.

Қашықтан жұмыс пен цифрлы мамандықтар

2020 жылғы пандемия жұмыс тәртібін өзгертті. Мыңдаған кеңсе қызметкері үйден жұмыс істеуге көшті. Уақыт өте келе қашықтан жұмыс істеу көпшілік үшін қалыпты жағдайға айналды.

Интернеттің дамуы жаңа кәсіптердің пайда болуына жол ашты. Бүгінде фрилансерлер, SMM мамандары, бағдарламашылар, онлайн мұғалімдер мен контент жасаушылар көбейді. Олардың кеңсесі — ноутбук пен тұрақты интернет. Ал жұмыс берушілері әлемнің кез келген жерінде болуы мүмкін.

Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Қазақстан IT қызметтерінің экспортын 1,2 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр. Қазір елде 10 технопарк пен 15 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. 2023 жылы венчурлық инвестициялар көлемі 80 млн доллардан асты, яғни цифрлық экономика енді жай ұран емес, ел экономикасының нақты бір бөлігіне айналды.

Пандемия кезінде қазақстандық мұғалімдерге де жаңа форматқа бейімделуге тура келді. Қысқа уақыт ішінде оқу процесі онлайн жүйеге көшті. Бейнесабақтар, қашықтан оқыту платформалары мен цифрлық тапсырмалар мектептердің күнделікті жұмысының бір бөлігіне айналы үлгерді.

Фото: freepik.com

Уақыт өте келе онлайн оқу білім берудің қосымша бір құралына айналды. Оқушылар халықаралық білім беру бағдарламаларына, онлайн курстарға, әлемнің жетекші университеттерінің оқу материалдарына қол жеткізе алды. Сондай-ақ бейнебайланыс сервистері арқылы басқа қалалардағы мұғалімдерден білім алу мүмкіндігі пайда болды.

Аймақтар мен ірі қалалар арасындағы білім сапасы бойынша айырмашылық әлі де сақталғанымен, цифрлық технологиялар бұл алшақтықты біршама қысқартып, білімге қолжетімділікті кеңейтті.

Фото: 1.cmab.kz

2026 жылғы маусымда қабылданған Digital Qazaqstan стратегиясы Қазақстанның цифрлық дамуы бойынша жаңа мақсаттарды айқындады. Құжатта әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті үш технологиялық компания құру, қуаты 1 ГВт болатын деректерді өңдеу орталықтарының ұлттық хабын қалыптастыру және жасанды интеллектіні негізгі салалардың барлығына енгізу міндеттері белгіленген.

Кибералаяқтық: цифрлық дәуірдің шешілмеген мәселесі

Кез келген жаңа мүмкіндікпен бірге жаңа қауіптер де пайда болады. Интернеттің дамуы өмірді жеңілдеткенімен, алаяқтардың әрекетіне де жол ашты. Жыл сайын интернет-алаяқтыққа қатысты 20 мыңнан астам жағдай тіркеледі. Оның шамамен 80 пайызы ашылмай қалады.

Фото: ҚР ІІМ

2024 жылы Мемлекеттік техникалық қызмет ақпараттық қауіпсіздікке қатысты 35 мың жағдайды тіркеді. Оның 22 мыңға жуығы зиянды бағдарламалардың әсерінен болған.

Кибералаяқтарға алданып қалған қазақстандықтарға шамамен 1 млрд теңге қайтарылды. Алайда бұл көрсеткіш алаяқтардың қолына түскен қаражат көлемі бұдан да көп екенін көрсетеді. Бұған қоса, қаржы пирамидалары да жаңа алаңдарға көшіп, қазір Telegram-арналар арқылы тарала бастады.

Зерттеулерге қарағанда, қазақстандық ата-аналардың 21 пайызы баласына төрт жасқа толмай тұрып гаджет алып береді. Балалар психологтары бұл мәселеге алаңдайды. Олардың айтуынша, ересектер интернеттен өздерін шектей алуы мүмкін, ал балаларда мұндай дағды әлі қалыптаспаған.

Фото: Kazinform

TikTok пен YouTube Shorts сияқты қысқа видеолар адамдардың ақпаратты қабылдау тәсілін де өзгертті. Қазір көпшілік жылдам әрі қысқа мазмұнға үйреніп, ұзақ мәтіндерді оқуға немесе бірсарынды түсіндірулерді тыңдауға шыдамы жете қоймайды. Бұл үрдістің тұтас бір буынның ойлау қабілетіне қалай әсер ететіні — әлі де ашық сұрақ.

2024 жылы жеке деректерді қорғауға қатысты қылмыстық істер саны 20 пайызға, ал әкімшілік құқық бұзушылықтар 76 пайызға өсті. Цифрлық орта енді тек мүмкіндік беретін кеңістік емес, адамдардың сенімі үшін күрес жүріп жатқан жаңа алаңға айналды.

Цифрлық шаршау: жаңа заманның мәселесі

Бүгінде жұмысы толықтай онлайнға ауысқан дәрігерлер, мұғалімдер, менеджерлер сияқты мамандар экран алдында ұзақ отырудан шаршағанын жиі айтады. Күн сайынғы Zoom кездесулері, жұмыс чаттарындағы толассыз хабарламалар, жұмыстан ажырай алмау адамдарды қажыта бастады.

Wi-Fi жұмыс пен үй арасындағы шекараны жойды. Көп адам үшін бұл еркіндік емес, керісінше, үнемі байланыста болуға мәжбүрлейтін жаңа әдетке айналды.

Фото: pixabay

Цифрлық даму министрлігінің 2025 жылғы қазан айындағы мәліметіне сәйкес, Қазақстандағы 6 179 елді мекеннің 119 қаласы мен 4 906 ауылы интернет және байланыспен қамтылған. Алайда әлі де 1 200-ден астам елді мекенде тұрақты интернет қолжетімсіз.

Цифрлық мүмкіндік тек интернеттің болуымен өлшенбейді. Оның жылдамдығы мен сапасы да маңызды. Мәселен, Алматыдағы жылдамдығы жоғары интернет қолданатын тұрғын мен байланысы жиі үзіліп қалатын 3G желісіне қосылған ауыл тұрғынының мүмкіндігі бірдей емес.

Бұл айырмашылық әсіресе мектептерде анық байқалды. Пандемияда қашықтан оқу кезінде интернет сапасы оқушылардың білім алуына тікелей әсер ететіні көрінді.

Фото: Starlink

2024 жылы 1 657 ауыл мектебіне Starlink спутниктік интернеті қосылды. Бұл — ауылдарға тұрақты талшықты интернет жеткенге дейінгі уақытша шешім. Ал «Қолжетімді интернет» бағдарламасы арқылы 2027 жылға дейін 3 мыңнан астам ауылды жоғары жылдамдықты интернетпен қамту көзделіп отыр. Ең шалғай орналасқан 504 елді мекен спутниктік байланыс арқылы интернетке қосылады.

Еске салайық, Қазақстан бүгінде интернетті дамыту арқылы тек транзиттік ел емес, Еуразияның цифрлық орталықтарының біріне айналуды мақсат етіп отыр.